Freedom Inside '26

Маңғыстауда кәсіпкерлерге заңсыз талап қойғандарға 9,1 млн теңге айыппұл салынды

Маңғыстауда кәсіпкерлерге заңсыз талап қойғандарға 9,1 млн теңге айыппұл салынды
gov.kz

Маңғыстау облысында инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 9,1 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ult.kz.

Түпқараған ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп жүргізген тексеру барысында кәсіпкерлерді инженерлік желілерге қосу кезінде заң талаптарының бұзылғаны анықталды.

Тексеру нәтижесінде 3 инвестор мен 16 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Белгілі болғандай, табиғи монополия субъектілері электр және сумен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарт беру кезінде заңнамада көзделмеген құжаттарды талап еткен.

Сонымен қатар, техникалық шарт беруден бас тарту туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарламау және инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштерін қарау мерзімдерін бұзу фактілері тіркелді.

Прокурорлық қадағалау актілері негізінде екі табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 16 іс қозғалды. Нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылып, тағайындалған айыппұл толық көлемде өндірілді.

Прокуратура қабылданған шаралар кәсіпкерлерге қойылған әкімшілік кедергілерді жоюға, инвесторлардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және инженерлік желілерге қосу кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал еткенін мәлімдеді.