100 жылқыны ұрлады деп сотқа тартылып, кейін рақымшылыққа іліккен Рахат Сәрсеновтың ісіне қатысты мал дәрігері да өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Ол Руслан Өтепбайға берген сұхбатында 60 бас малдың жоғалғанын растайтын құжатқа қалай қол қойғанын түсіндірді.
Мал дәрігерінің айтуынша, ол құжатқа малдың жоғалғанын растайтынын біле тұра қол қоймаған. Оның сөзінше, өзі бұл құжатты екпе салынған малдың саны көрсетілген қағаз деп түсінген. Орыс тілін толық түсінбегендіктен және қожалыққа малға екпе жасау үшін барғандықтан, нақты қандай құжатқа қол қойғанын аңғармаған.
Ал Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, Рахат Сәрсенов ұзақ жылдар бойы қожалықта жұмыс істеген. Ол Сәрсеновтің арақ ішкеніне және бұған дейін бірнеше жылқының жоғалуына көз жұма қарағанын, алайда соңғы жағдайдан кейін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болғанын айтты.
Елеуов бұл іске бір адамның ғана емес, қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, күдіктілердің бірі қазіргі таңда сот үкімімен жазасын өтеп жатыр.
Сондай-ақ Тәжіғали Елеуов әлеуметтік желіде тараған «Рахат Сәрсенов толық ақталды» деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
«Біреулер оны әлеуметтік желіде қаралым жинау үшін “байдан зәбір көрген қаһарман” ретінде көрсетіп отыр», – деді ол.
Осылайша, іс бойынша тараптардың айтқандары бір-бірінен ерекшеленіп отыр. Мал дәрігері құжатқа оның мазмұнын толық түсінбей қол қойғанын айтса, қожалық өкілі малдың жоғалуына қатысты өзге де адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін алға тартты.