Freedom Inside '26

Куәгерден 5 млн теңге бопсалаған полицейлер сотталды

Куәгерден 5 млн теңге бопсалаған полицейлер сотталды
Ашық дереккөзден

Ұлытау облысында алаяқтық жасауға оқталды деп танылған екі бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылар – аудандық полиция бөлімінің тергеу жөніндегі бұрынғы басшысының орынбасары мен аға тергеуші, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың жазында Жаңаарқа кентінде адам өлімімен аяқталған төбелесті тергеу кезінде болған. Тергеу барысында куәгерлердің біріне қылмыстық жауапкершілікке тартылуы және қамауға алынуы мүмкін екені айтылған.

Кейін куәгерді кездесуге шақырып, қылмыстық қудалаудан құтылуы үшін 5 миллион теңге талап еткен. Тергеу нұсқасы бойынша, полиция басшылығының өкілі бұл қаражат мәселені «жылы жабуға» және қадағалаушы орган арқылы шешуге жұмсалатынын жеткізген.

Сот құжаттарына сәйкес, басқа куәгерлерден де әрқайсысынан 1 миллион теңгеден жинау ұсынылған. Алайда олардың бірі құқық қорғау органдарына емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген.

Арнайы операция барысында ҰҚК қызметкерлері ақша беру процесін бақылауға алған. Белгіленген күні аға тергеуші куәгерден 5 миллион теңгені алып, кейін басшысымен кездескен. Тергеу дерегінше, екеуі елді мекен сыртындағы қонақүй маңында ақшаны бөлісіп жатқан кезде ұсталған.

Сот барысында бұрынғы бөлім басшысының орынбасары кінәсін мойындамай, ақша талап етпегенін мәлімдеген. Ал аға тергеуші бастапқыда өзін тек делдал ретінде көрсеткенімен, кейін кінәсін толық мойындап, әрекетті басшысының тапсырмасымен жасағанын айтқан.

Сот екі айыпталушыны қызметтік жағдайын пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы алаяқтық жасауға оқталды деп таныды. Екеуі де 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Бұрынғы бөлім басшысының полиция майоры арнайы атағы да кері қайтарылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар апелляциялық шағым түсірген.