Бүгін ҚР Бас прокуратурасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің цифрлық жобаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов іс-шараны аша отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп қылмыстық және әкімшілік процестерді автоматтандыру, тексерулер тағайындау, өтініштермен жұмыс бойынша жобалар іске асырылғанын атап өтті.
Олар мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, құқықтық статистиканың ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған.

Журналистерге «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі» «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі», «Электрондық өтініштер» цифрлық жобаларының мүмкіндіктері және «Qamqor» ақпараттық сервисі көрсетілді.
Атап айтқанда, шақырылғандар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында іске асырылатын «Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі» (СДТБТ) жүйесінде сотқа дейінгі тергеу органдарының негізгі шешімдерін прокурорлармен келісу тәртібімен танысты.

Бұдан басқа, қылмыстық процеске қатысушылардың қабылданған процестік шешімдерді қашықтықтан қадағалауға, келіспеген жағдайларда оларға уақтылы шағымдануға мүмкіндігі бар. Мұндай модель процестік құжаттарды дайындау уақытын және тергеу мерзімдерін қысқартады, қылмыстық қудалау шеңберіне заңсыз тартылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Осы жаңалықтарды іске асыру қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңі болып табылады.


