Танымал әнші Ердос Қанаев әлеуметтік желіде өзінің сырт келбетіне қатысты пікір білдірген оқырмандарына жауап берді. Өнер иесі өміріндегі ауыр сәттер туралы да ашық жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Әншінің айтуынша, бұған дейін жариялаған видеосының астында кейбір желі қолданушылары оның қатты өзгергенін айтып, «Қартайып кетіпсіз», «Бұл да қартайыпты» деген пікірлер қалдырған.
Ердос Қанаев мұндай өзгерістің артында адамның басынан өткен ауыр сынақтар мен жоғалтулар тұруы мүмкін екенін жеткізді.
«Үміт еткен балаң 10 жасында бақилық болса, артынан асқар тау әкең о дүниелік болса, қартаясың. Көз ілеспес шапшаңдықпен қартаяды екенсің», – деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол адамның сыртқы келбетіне қарап, оның жан дүниесінде не болып жатқанын аңғару әрдайым мүмкін емес екенін айтты.
«Күліп жүрген адамның бәрі бақытты емес, түсінгенім!» – деді Ердос Қанаев.
Әншінің бұл жазбасы желідегі сырт келбетке қатысты пікірлерге жауабымен қатар, адамды сыртқы бейнесіне қарап бағаламауға шақырған ойымен де көпшілік назарын аударды.