Бірі болашақ жарын ұзақ іздеген, енді бірі өнер қуып жүріп отбасын құруға асықпаған. Қазақстандық танымал әншілер мен актрисалар жеке өміріндегі бұл шешімі туралы сұхбаттарында ашық айтқан, деп хабарлайды ult.kz.
Біржан Хасанғалиев
Әнші Біржан Хасанғалиев 33 жасында үйленген. Өнер иесі “БазарLike” бағдарламасында болашақ жарын ұзақ іздегенін жасырмаған.

“Мен негізі кеш үйлендім. Болашақ жарымды көп іздедім”, — деген ол.
Сұхбатында әнші шаңырақ көтерген кезде жұбайы Ақмаржанның 22 жаста болғанын айтқан. Оның жары медицина саласында еңбек етеді. Біржан Хасанғалиев музыка мамандығын меңгеру үшін ұзақ жыл оқығанын да осы әңгімеде сөз еткен.
Медеу Арынбаев
Медеу Арынбаев та өнердің соңында жүріп, отбасын құруға кешірек көңіл бөлгенін айтқан. Әнші 31 жасында шаңырақ көтерген.
“Менің өзім 31 жасымда үйлендім. Әндетіп жүре беріппін. Содан кеш туылған балалар”, — деген ол “БазарLike” бағдарламасында.

Өнер иесі қатарластары немере сүйіп жатқанда, өзінің ұлы мен қызы енді ержеткенін әңгімелеген. Балалары туралы айта отырып, ұлына жүрегі қалаған адам кездессе, үйленуден қорықпауға кеңес бергенін жеткізген.
Гауһар Әлімбекова
Әнші әрі сазгер Гауһар Әлімбекова 45 жасында тұрмыс құрған. Бұл жаңалығын ол “Ұят емес” бағдарламасында бөліскен.
Ал “Кешкі кездесу” бағдарламасында көпке дейін бар арманын әншілікпен байланыстырғанын айтқан.
“Бұйырғаны болады деп өлеңімді айтып жүре бердім”, — деген әнші.

Өнер иесінің айтуынша, ол қатарластарына қарап асығыс шешім қабылдамаған. Болашақ жарымен танысқаннан кейін екеуінің қалжыңы жарасып, бірте-бірте көңілі ауған.
Күнсұлу Тұрғынбекқызы
Театр және дубляж актрисасы Күнсұлу Тұрғынбекқызы 45 жасында тұрмысқа шыққанын жұртқа жариялаған. Ол 2023 жылы Nege.kz басылымына берген сұхбатында отбасындағы өзгерісті өзі растаған.
“Оның үстіне жуырда тұрмысқа шығып, отбасылы болдым”, — деген актриса.

Күнсұлу жарының есімін атамағанымен, оның ақын әрі сазгер екенін айтқан. Сондай-ақ жұбайын өнердегі сыншысы санайтынын жеткізген. Жарияланымда некесін нақты қай күні қиғаны көрсетілмеген.
Әсел Сәдуақасова
Актриса әрі продюсер Әсел Сәдуақасова 38 жасында тұрмысқа шыққан. Ол некесін тіркеген сәтін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
“Осымен бітті. 13.06.2023 біздің отбасымыздың туған күні”, — деп жазған өнер иесі.

Кейін актриса өмірлік серігін кездестіре алмай қалудан қорыққан кезі болғанын мойындаған. Өз жазбасында қандай жағдай болса да қабылдауға бекінгеннен кейін көңілі жеңілдеп, өмірін жалғастыра бергенін айтқан.