Алматыда көлік тұрағына таласқан көршілер арасындағы жанжал қайғылы жағдайға ұласты. Мойнынан пышақ жарақатын алған 37 жастағы Данил Щетников ауруханада көз жұмды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының мәліметінше, оқиға 4 қазанда болған. Туыстарының айтуынша, үйіне оралған Данил тұрақта тұрған бөтен көлікті көріп, көршісінен оны басқа жерге қоюды сұраған. Арада жанжал туындап, кейін көмекке келген ер адамның бірі оған пышақ сұққан.
Марқұмның жарының сөзінше, ер адам мойнынан жарақат алып, үйіне қарай жүгіріп, жедел жәрдем шақыруды сұраған. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, ол бір аптадан кейін қайтыс болды. Марқұмның артында сегіз жасар ұлы мен дүниеге келуі жақындаған қызы қалды.
Полиция 37 жастағы күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, істі «Адам өлтіру» бабына қайта саралауды сұрап отыр.