Қазақстанда танымал тұлғалардың шығармашылығы немесе әлеуметтік желідегі контенті арқылы есірткіні насихаттау фактілері анықталса, олар заң аясында жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов Ult.kz тілшісінің сауалына жауап беру барысында айтты.
Ult.kz тілшісі соңғы жылдары танымал адамдардың есірткіге қатысты даулы оқиғалары жиілеп кеткендей әсер қалдыратынын айтып, министрлік мұны жастар арасында есірткіні жанама түрде насихаттайтын фактор ретінде бағалай ма деген сұрақ қойды.
Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, мұндай жағдайлардың барлығы бірдей есірткіні насихаттау болып саналмайды.

Фото: Ортком
«Есірткіні насихаттауға қатысты Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы енгізілген. Осы бап бойынша 100-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Танымал адамдарға қатысты бүгінгі таңда нақты ақпарат келіп түскен жоқ. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі мәліметтер кездесіп жатады. Бірақ олардың барлығы бірдей насихат немесе жарнама болып есептелмейді. Егер ондай фактілер анықталса, тиісті жауапкершілікке тартамыз», – деді ол.
Комитет өкілі сөз арасында әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған қазақстандық рэпер Кисло-Сладкийге қатысты да пікір білдірді.
«Мысалы, "Кисло-Сладкий" деген рэперге қатысты сұрақтар болды. Қазіргі таңда ол Қазақстанда емес, Тайландта жүр. Сол жөнінде түрлі ақпараттарды оқыдық. Оның кейбір шығармаларында мұндай тақырыптарды мысқылдап айтатын тұстары бар. Ал басқа танымал тұлғаларға қатысты нақты сауалдар бізге түскен жоқ», – деді Бақытжан Әмірханов.
Сонымен қатар ол есірткі қолданғаны белгілі болған танымал адамның кейін әлеуметтік желілерде немесе сахнада белсенді қызметін жалғастыруы жастарға кері әсер ететінін айтты.
«Әрине, бұл жастарға кері әсер етеді. Жастар танымал адамдарға еліктейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігі жанынан құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі арнайы кеңес құрдық. Оның құрамында белгілі блогерлер мен медиа тұлғалар бар. Олар жастар арасында дұрыс құндылықтарды насихаттауға атсалысады. Егер белгілі бір тұлға сахнадан немесе әлеуметтік желіде заңға қайшы дүниелерді насихаттаса, жастар соған еліктеуі мүмкін. Сондықтан мұндай адамдарға міндетті түрде шара қолданамыз», – деді комитет өкілі.
Оның айтуынша, заң бұзған танымал тұлғаларға қатысты қабылданған шаралар қоғамға ашық жарияланады.
«Ондай фактілер болса, бірден барлық жерде жариялаймыз. Бұл өзгелерге сабақ болуы үшін қажет», – деді ол.
Бақытжан Әмірханов бұған дейін мұндай жағдайлар бойынша жауапкершілікке тартылғандар болғанын да атап өтті.
«Осыдан екі-үш жыл бұрын "Shiza" тобының орындауына байланысты бірден шара қолданылған болатын. Егер құқықбұзушылық анықталса, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қолданылады. Бүгінде ешкім ашық түрде есірткіні жарнамаламайды. Соңғы уақытта мұндай фактілер тіркелген жоқ», – деді ол.
Ult.kz тілшісі ән мәтіндерінде немесе бейнебаяндарда есірткіге қатысты астарлы сөздер қолданылса, оның насихат болып саналатынын да нақтылады.
Бұл сұраққа жауап берген комитет өкілі әрбір мұндай материал арнайы сот сараптамасына жіберілетінін айтты.
«Әннің мәтіні болсын, бейнеролик болсын немесе киімдегі жазу болсын – барлығы сот сараптамасына жолданады. Егер сараптама оның құрамында есірткіні насихаттау белгілері бар екенін анықтаса, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді полиция полковнигі.
Министрліктің дерегі бойынша 2026 жылдың алғашқы алты айында 1885 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 9 ұйымдастырушы мен 29 белсенді қатысушы ұсталды және 15 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс бұғаттауға жолданды.