Атырауда бұрынғы әйелінің жақын туыстарын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевті адвокат Асан Жұмабаев тегін қорғап жатқанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы адвокат журналист Жанат Жақсыбайқызына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзінше, адвокат заң аясында қайырымдылық және қоғамдық негізде тегін құқықтық көмек көрсете алады.
"Адвокаттың өзінің құқығы бар. Қайырымдылық әрі қоғамдық негізде адвокат тегін қызмет көрсете алады. Мен сол негізде тегін қызмет көрсетіп отырмын. Әлеуметтік көмек қайырымдылық негізде көрсетіліп жатыр", – деді Асан Жұмабаев.
Адвокаттың айтуынша, сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев сот барысында кінәсін толық мойындағанымен, соттың заңды шешімі шықпайынша оны кінәлі деп атауға болмайды. Журналистер осыған қатысты бірнеше рет сұрақ қойғанымен, Жұмабаев өз ұстанымынан таймады.
Сондай-ақ ол қорғауындағы азаматқа қарсы жауап бермейтінін айтып, адвокат ретінде өз міндетін заң аясында атқарып жатқанын жеткізді.