Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева еліміздегі тасжолдар бойындағы дәретханалардың жағдайына қатысты пікір білдіріп, бұл мәселені жаңа сайланатын депутаттар мен Ұлттық құрылтай мүшелерінің назарға алуын сұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жол бойындағы санитарлық тораптардың әлі күнге дейін талапқа сай емес екенін айтып, халық қалаулылары осы түйткілді түбегейлі шешуге күш салса деген ойын жеткізді.
Әншінің сөзінше, ұзақ жолға шыққан жолаушылар үшін таза әрі қолайлы дәретхана табу оңай емес. Бұл жағдай әсіресе әйелдерге, балаларға, қарттар мен денсаулығында ерекшелігі бар азаматтарға айтарлықтай қолайсыздық туғызады.
Айта кетейік, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойындағы санитарлық нысандардың жай-күйі бұған дейін де қоғамда бірнеше рет талқыға түскен. Әлеуметтік желі қолданушылары да Меруерт Түсіпбаеваның көтерген мәселесін қолдап, бұл түйткілдің әлі күнге дейін толық шешілмегенін жазуда.