Солтүстік Кореяның әйелдер арасындағы «Нэгохян» футбол клубының ойыншылары ел басшысы Ким Чен Ынмен кездескеннен кейін қуаныштан жылап, эмоцияларын жасыра алмады, деп хабарлайды ult.kz.
Клуб жуырда тарихқа еніп, әйелдер арасындағы Азия чемпиондар лигасын жеңіп алған КХДР-дың алғашқы командасы атанды.
Тарихи жеңістен кейін футболшыларды елге оралған бетте Ким Чен Ын жеке қабылдап, әр спортшының қолын қысып құттықтаған. Сондай-ақ ол командамен естелік суретке түскен.
Кездесу кезінде кейбір ойыншылар толқудан көз жасына ерік берсе, енді бірі қуаныштан секіріп, ерекше эмоцияларын көрсеткен.
Одан кейін чемпион қыздар жолдастық матч өткізіп, ойынды трибунадан Ким Чен Ынның өзі тамашалаған.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрлар қызу талқыға түсіп, көпшілік футболшылардың Солтүстік Корея басшысымен кездесудегі әсеріне назар аударды.