Кенесары ханға тіл тигізген қырғызстандық студенттерге қатысты іс қозғалды

Кенесары ханға тіл тигізген қырғызстандық студенттерге қатысты іс қозғалды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қырғызстандық екі студенттің тікелей эфирде Кенесары ханға қатысты айтқан сөзі әлеуметтік желіде наразылық туғызды. Кейін олар қазақ халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Студенттер өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайтынын мойындап, қазақ халқын кемсітуді мақсат етпегендерін жеткізді.

«Біз сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды. Біз ешқашан қазақ халқын кемсітуге немесе қаралауға мақсат қойған жоқпыз», - деді олар.

Заңгер Мейірман Шекеевтің мәліметінше, екі қызға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Процестік шешім Қазақстан заңнамасына сәйкес қабылданатыны айтылды.

Әзірге істің қай бап бойынша қозғалғаны және студенттерге қандай жаза тағайындалуы мүмкін екені туралы нақты мәлімет келтірілмеген.

Айта кетейік, қырғызстандық қыздар даулы сөздері үшін кешірім сұрады. 

Не жағдай болды?

Әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде қырғызстандық екі студент Кенесары ханға қатысты «Кенесарының басынан шарап ішеміз» деген сөз айтқан. Бұл үзінді желіде тарап, қазақстандықтардың наразылығын туғызды.

Желі қолданушылары студенттердің сөзін қазақ халқының тарихи тұлғасына құрметсіздік деп бағалады. Қоғамдық талқылаудан кейін екі қыз кешірім сұрап, өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайтынын мойындады.

Кенесары хан кім?

Кенесары Қасымұлы (1802–1847) — Қазақ хандығының соңғы ханы, Абылай ханның немересі. Ол 1837–1847 жылдары Ресей империясының отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысты басқарды.

1841 жылы хан сайланған Кенесары қазақ жерінің тұтастығын сақтап, елдің дербестігін қалпына келтіруге ұмтылды. Үш жүздің басын біріктіруге күш салды.

Кенесары хан 1847 жылы қырғыз жеріндегі шайқаста қаза тапты. Ол Қазақстан тарихында ел тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға ретінде құрметтеледі.