Бұған дейін әлеуметтік желіде блогер Пан Васильмен сөйлескен Қырғызстаннан келген екі студенттің Кенесары хан мен қазақтар туралы пікір айтқан видеосы тараған ед, деп хабарлайды ult.kz.
Стрим барысында қыздардың бірі Кенесары ханның бас сүйегіне қатысты: «Біз одан шарап ішеміз» деп мәлімдеп, мұны оның рухын қорлау үшін жасайтынын айтқан. Сонымен қатар әңгіме кезінде қазақтар «жақында пайда болды» және қырғыздардан тараған деген пікірлер де айтылған.
Бұл сөздер қоғамда кең резонанс туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары қыздардың сөзін Қазақстан тарихы мен Кенесары ханның рухына құрметсіздік деп бағалады.
Даудан кейін студенттер қазақстандықтардан кешірім сұрады. Олар айтқандарына өкінетінін, ешкімді қорлауды немесе араздық тудыруды мақсат етпегенін айтып, алдағы уақытта мұндай пікірлерге жол бермейтіндерін жеткізді.
Ақпаратқа сәйкес, қыздар Бішкектен келген және Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүр.