Каспийде қаза болған түркістандық офицердің видеосы тарады

Каспийде қаза болған түркістандық офицердің видеосы тарады
Фото: видеодан кадр

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының ата-анасымен қауышқан сәті түсірілген архивтік видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Кадрларда жас офицердің туған-туыстарымен кездесіп, ата-анасымен қауышқан сәті бейнеленген. Олжас Мұхтарұлы Түркістан қаласының тумасы болған.

Еске салайық, Олжас Мұхтарұлы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің бірі болды. Оқиға кезінде ауа райы күрт нашарлап, әскери қызметшілерді теңізге толқын алып кеткен.

25 қыркүйекте марқұмның денесі арнайы ұшақпен Түркістанға жеткізілді. Бүгін әскери қызметшімен қоштасу рәсімі өтіп, жаназа намазы оқылып, Олжас Мұхтарұлы туған жерінде жерленді. 

Айта кетейік, Маңғыстауда қаза тапқан 14 сарбаздың ішінде Мадихан Азамат та бар.

Оның туыстары әлеуметтік желіде тараған шақырту қағазы мен ИИ фото, видеоларды өшіруді талап етті. Егер мәлімдеме назарға ілінбесе, кінәлілер заң алдында жауап бермек. 

«Тойға шақыру билетін, ИИ арқылы жасалған әртүрлі видеоларды және Азамат Болатбекұлының фото, видеоларын жариялаған азаматтардан оларды өшіруді талап етеміз. 1-2 күннің ішінде өшірмесеңіздер, заң аясында әрекет етеміз. Мәдіхан Азамат Болатбекұлының отбасынан», - деп жазды марқұмның туыстары.