Каспий теңізінен балықтың жаңа түрі анықталды

Каспий теңізінен балықтың жаңа түрі анықталды
Ресей ғылым қоры

Ресейлік ғалымдар Каспий теңізі бассейнінде бұрын ғылымға белгісіз болған балықтың екі түрін анықтады. Соның бірі Қазақстан мен Әзербайжан жағалауынан табылған каспийлік итшабақ, деп хабарлайды ult.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа түрлер 2021–2025 жылдары жүргізілген ғылыми экспедициялар барысында анықталған. Зерттеушілер Каспий бассейнінің әртүрлі бөліктеріндегі теңіз түбінде тіршілік ететін ұсақ бұзаубас балықтарды зерттеген.

Ғалымдар жиналған үлгілерге генетикалық талдау жасап, оларды мұражайлардағы үлгілермен салыстырған. Нәтижесінде Каспийдегі бұзаубас балықтардың түр алуандығы бұған дейін төмен бағаланғаны белгілі болды.

Зерттеу нәтижесінде Каспий теңізінде итшабақтың бұрын белгілі болған екі емес, үш түрі бар екені анықталды. Ал бұзаубас балықтардың тағы бір тобы – цуцик-бұзаубастардың бассейндегі түр саны кемінде жетіге жетті.

Жаңа түрге Benthophiloides caspicus, яғни каспийлік итшабақ деген ғылыми атау берілді. Бұл өте сирек кездесетін балық саналады. Қазіргі уақытта ғалымдар оның бар болғаны екі данасын ұстап, зерттеген. Соның біреуі Қазақстан жағалауынан табылған.

Екінші жаңа түрге Proterorhinus scythicus – скифтік цуцик-бұзаубас деген атау берілді. Ол Еділ өзенінің атырауы мен Шығыс Маныч бассейнінен анықталған.

Генетикалық зерттеу скифтік бұзаубастың Каспийдегі басқа туыстас түрлеріне қарағанда Қара теңіз бассейніндегі түрлерге жақынырақ екенін көрсетті.

Ғалымдардың пікірінше, бұл шамамен 2,1 миллион жыл бұрын Каспий мен Қара теңіз арасында байланыс болғанын көрсетуі мүмкін. Сол кезеңде Каспий теңізіндегі су деңгейі көтерілген.

Зерттеушілер жаңа мәліметтер Каспийдің қазіргі жануарлар дүниесінің қалай қалыптасқанын және өткен кезеңдерде су айдындарының арасында қандай байланыстар болғанын түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.