Қазақстанда жаңа iPhone моделіне қызығушылық танытқан азаматтарды алдауға бағытталған жаңа схема пайда болды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс беру немесе одан бас тарту сылтауымен келетін күмәнді хабарламалардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Алаяқтар Apple атынан жалған хабарлама жіберіп, азаматтарды бөтен сайттарға немесе телефон нөмірлеріне бағыттайды.
Бір схема бойынша адамға оның атына iPhone 18-ге тапсырыс берілгені туралы хабарлама келеді. Тапсырыстан бас тарту үшін көрсетілген «қолдау қызметіне» қоңырау шалу ұсынылады. Алайда нөмір алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Олар жеке және банктік деректерді алуға тырысады.
Екінші жағдайда смартфонды арзан бағамен брондау немесе жылдам жеткізу ұсынылады. Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа апарып, онда банк картасының нөмірі, CVV-код, құпия сөз немесе SMS арқылы келген растау коды сұралуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары күмәнді сілтемелерді ашпауға, бейтаныс нөмірлерге қоңырау шалмауға және банк деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеуге кеңес береді.
Сондай-ақ бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымша орнатпау және құрылғыға қашықтан кіруге рұқсат бермеу қажет. Тауар сатып аларда сатушының сенімділігін тексеріп, ақпаратты компанияның ресми сайты немесе қосымшасы арқылы анықтаған жөн.
Егер банк картасының деректері алаяқтарға беріліп қойса немесе шоттан күмәнді ақша есептен шығарылса, банкке дереу хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға жүгіну керек.
Мамандардың айтуынша, күтпеген хабарлама, асықтыру, «тиімді ұсыныс» немесе шұғыл түрде код пен банк деректерін талап ету — алаяқтықтың негізгі белгілерінің бірі.