Ақтөбе облысының тұрғынының айтуынша, оның ұлы, 2002 жылы туған Рашид Талғатұлы Қадыров екі жыл бұрын ешкімге ескертпестен үйден кетіп қалған, деп хабарлайды ult.kz.
«Мен алты баланың анасымын, “Күміс алқа” иегерімін. Рашид – ортаншы ұлым. Бір күні заттарын жинап, ештеңе айтпай кетіп қалды. Кейін оның Түркияға жұмысқа ұшып кеткенін естідім. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Әдетте балаларым жолға шығарда міндетті түрде батамды алады. Ал бұл жолы ол үн-түнсіз жоғалып кетті. Ұзақ уақыт бойы одан ешқандай хабар болмады», – дейді анасы.
Арада біраз уақыт өткен соң Рашид бейтаныс нөмірден хабарласып, өзінің Грекия түрмесінде отырғанын айтқан.
Оның сөзінше, Instagram желісінен жұмыс туралы хабарландыру көріп, ұсынысқа келіскен. Жолақысын ұйымдастырушылар төлеп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс ұсынамыз деген. Алайда кейін бұл ұсыныстың заңсыз мигранттарды тасымалдауға қатысты екені белгілі болған. Жас жігіт өзінің қандай іске араласып кеткенін түсінбегенін айтқан.
Анасының мәліметінше, ұлы шет тілін білмейді және тергеу кезінде оған аудармашы берілмеген. Сондай-ақ құжаттарға қол қоймаса, жаза мерзімі одан да ұзаратыны айтылған.
Нәтижесінде Грекия соты Рашид Қадыровты 125 жылға бас бостандығынан айырып, шамамен 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған.
«Ұлым өте жас, тек ақша тауып, отбасына көмектескісі келді. Бірақ алаяқтардың арбауына түсіп қалды. Ол заңсыз мигранттарды тасымалдауды ұйымдастырған адам емес деп есептеймін. Сыртқы істер министрлігінен осы істі жан-жақты қарап, ұлымды елге қайтаруға көмектесуді сұраймын», – деді Нұрхан Қадырова.