Грант конкурсының нәтижелері жарияланғаннан кейін талапкерлер арасында квоталарға қатысты сұрақтар көбейді. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі квота арқылы грант бөлу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің мәліметінше, мемлекет азаматтардың жекелеген санаттары үшін білім беру гранттарын бөлуде квоталар қарастырады. Олардың қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, ауыл жастары және заңнамада белгіленген басқа да санаттар бар.
Әр квота бойынша талапкерлер арасында жеке конкурс өткізіледі. Сондықтан әр санаттағы грантқа өту балы бірдей болмауы мүмкін.
Өтпелі балдың әртүрлі болуы бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда, белгілі бір квота бойынша бөлінген грант саны және сол санатқа қатысқан талапкерлердің ҰБТ нәтижелері ескеріледі.
Министрлік квота грантты автоматты түрде алуға кепілдік бермейтінін атап өтті. Яғни квотаға жататын талапкерлер де конкурсқа қатысады. Нәтижесінде грант әр квота шеңберінде ең жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі.
Осылайша, талапкердің белгілі бір санатқа жатуы оның грантты міндетті түрде иеленетінін білдірмейді. Негізгі көрсеткіштердің бірі – конкурс кезіндегі жинаған балы.