Гренландия мен Антарктида соңғы бірнеше онжылдықта орасан көлемде мұз жоғалтқан. Ғалымдардың мәліметінше, бұл үдеріс әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуіне тікелей әсер етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Malim.kz басылымының мәліметінше, 1979 жылдан 2023 жылға дейін екі мұз жамылғысы шамамен 12,5 триллион тонна мұз жоғалтқан. Мұндай көлемдегі мұз АҚШ-тың құрлықтық бөлігін шамамен 1,5 метр қалыңдықпен жабуға жетер еді.
Осы уақыт аралығындағы мұздың еруі әлемдік мұхит деңгейін шамамен 3,1 сантиметрге көтерген.
Зерттеу барысында ғалымдар 44 жыл ішінде жиналған спутниктік мәліметтерді саралаған. Талдауға 27 спутниктің, соның ішінде NASA аппараттарының бақылауларына негізделген 45 тәуелсіз зерттеу енгізілген.
Мамандар мұз массасының азаюына тек ауа температурасының көтерілуі себеп емес екенін анықтаған. Жалпы шығынның шамамен алтыдан бес бөлігі жылы теңіз суының ықпалымен байланысты.
Мұхит суы мұздықтардың төменгі және бүйір бөліктеріне әсер етіп, олардың жылдам бұзылуына әкеледі.
1970-1990 жылдары Гренландия мен Антарктидадағы мұз қабаты салыстырмалы түрде тұрақты болған. Ал 2010 жылдары мұздың жоғалу қарқыны айтарлықтай күшейген.
2020-2023 жылдары бұл үдеріс уақытша баяулағанымен, зерттеушілер мұны ұзақмерзімді тенденцияның өзгеруі деп бағаламайды. Олардың пікірінше, мұндай көрсеткіш қысқамерзімді климаттық ауытқулармен байланысты болуы мүмкін.
Антарктидада кей кезеңде кері құбылыс та байқалған. 2021 жылғы шілдеден 2023 жылғы сәуірге дейін құрлық шамамен 695 миллиард тонна мұз қосқан. Бұған Шығыс Антарктидадағы ерекше мол қар әсер еткен.
Соған қарамастан, Батыс Антарктидадағы мұздың азаюы жалғасып отыр. 2003-2024 жылдар аралығында Антарктида жыл сайын орта есеппен 140,5 миллиард тонна мұз жоғалтқан.