Дубай – Тель-Авив бағытындағы FlyDubai ұшағында болған оқиғаға қатысқан жолаушы РБК басылымына бортта болған жағдайдың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.
Жолаушы Шота Мусаевтың айтуынша, ұшақ шамамен жарты минут ішінде 4-6 шақырым биіктіктен төмендеген. Сол сәтте екінші пилот командирге шабуыл жасаған.
«Біз оның немен шабуылдағанын көрмедік. Жігіттердің бірі кабинаға кіріп, шабуыл жасаған адамды алып шықты. Содан кейін оны байлап тастады», – деді Мусаев.
Оның сөзінше, жараланған ұшқышқа алдымен борттағы медбике көмек көрсеткен. Кейін Мусаев та оған қосылған. Пилоттың қолы, мойны мен желкесінде терең жарақаттар болған. Сонымен қатар артериялық және веналық қан кету байқалған.
«Негізінде, оның қолы толық жыртылған, білезік тұсына дейін қатты жарақаттанған», – деді жолаушы.
Мусаев ұшақтың Сауд Арабиясына шұғыл қонуына пилоттың жағдайы себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, Израиль мен Сауд Арабиясы арасында дипломатиялық қатынас болмаса да, ұшқыштың өмірін сақтау үшін сол елге қонуға тура келген.
«Біз Израильге дейін жете алмас едік. Басқа таңдау болмады», – деді ол.
Жолаушының айтуынша, ұшақты қауіпті төмендеуден алып шыққан да жолаушылардың бірі болған. Ол кабинаға кіріп, ұшақты жоғары көтеру үшін басқару тетігін тартқан.
Сондай-ақ бортта кездейсоқ тағы екі ұшқыш болғаны белгілі болды. Олар ұшақ экипажының мүшелері емес, қарапайым жолаушылар ретінде сапар шеккен. Солардың бірі жараланған командирдің орнына ұшақты басқарған.
Мусаевтың айтуынша, кабина есігінің ашық болуы, бортта қосымша екі ұшқыштың кездейсоқ болуы және жолаушылардың дер кезінде әрекет етуі жағдайды ушықтырмай, ұшақты аман алып қалуға мүмкіндік берген.
«Құдай бізбен бірге болды», – деді ол.
Жолаушы болған жағдайды жеке адамдардың ерлігі деп бағаламайтынын атап өтті. Оның сөзінше, сол сәтте бүкіл ұшақтағы адамдар бір командаға айналған.
Айта кетейік, FlyDubai әуе компаниясының Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған ұшағында ұшқыштар арасында жанжал болып, әуе кемесі күрт төмендеген.