FlyDubai ұшағында не болды: ұшқыштар төбелесіп, борт күрт төмендеген

FlyDubai ұшағында не болды: ұшқыштар төбелесіп, борт күрт төмендеген
Ашық дереккөз

FlyDubai әуе компаниясының Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған ұшағында ұшқыштар арасында жанжал болып, әуе кемесі күрт төмендеген. Оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 30 қыркүйек күні Сауд Арабиясының әуе кеңістігінде болған. Ұшақ төтенше жағдай сигналын берген. Израильдің әскери ұшақтары әуе кемесін Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына дейін алып барған.

Израильдік Walla басылымының мәліметінше, борттан ұшақты басып алу туралы сигнал берілген.

Ал Shot Telegram-арнасы ұшақтың шамамен 29 секунд ішінде 4,5 шақырымға төмендегенін жазды. Бұл секундына 150 метрден астам төмендеу болғанын білдіреді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқыштардың бірі өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Екінші ұшқыш оған кедергі келтірмек болған.

Shot мәліметінше, екінші ұшқыш командирге пышақпен шабуыл жасап, оны жаралаған. Осыдан кейін ұшақ күрт төмен қарай бағыт алған.

Оқиға кезінде бортта жолаушылардан бөлек, қызметтік іссапармен ұшып бара жатқан басқа ұшқыштар болған. Mash мәліметінше, олар экипажға көмектесіп, ұшақты қауіпсіз жерге қондыруға қатысқан.

Оқиға салдарынан ұшқыштардың бірінің жарақат алғаны туралы ақпарат бар. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген кадрларда киіміне қан тиген ер адам көрінеді.

Бортта 150-ден 180-ге дейін жолаушы болғаны айтылады. Қазіргі уақытта жолаушылардың барлығы қауіпсіз жерде, оларға қауіп төніп тұрған жоқ.