Қазақстандық боксшы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов танымал актер әрі жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтардың өзіне жасаған ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін Данияр Елеусінов Instagram парақшасында Еркебұлан Тоқтардың суретін жариялап, онымен рингте кездескісі келетінін айтқан.
«Олимпиада чемпионын біреуден төмен санайтын осы хайпқұмарды маған беріңдер. Жарты раунд», — деп жазған Елеусінов.
Осыдан кейін Еркебұлан Тоқтар видеоүндеу жасап, «Қазақ қаһарманымен» жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда ол мұндай кездесу үшін лайықты гонорар төленуі керек екенін айтты.
«Дәке, егер мені ұру маңызды болып тұрса, қазір мен көпшілік үшін қызыл шүберек сияқты болып тұрмын. Мүмкін, сондықтан ол мені жақтырмай қалған шығар. Егер мені ұру міндет болса, Ruh Boxing-ке келіп, жай ғана ұрып кетулеріңізге болады. Мен оған намыстанбаймын. Олимпиада чемпионына, оның үстіне қазаққа, ағаға жеңілу — ұят емес», — деді Тоқтар.
Ол жекпе-жекті көпшіліктің алдында өткізгісі келсе, промоутерлердің қалыпты жекпе-жек ұйымдастыруын ұсынды.
«Егер осындай жекпе-жек шынымен керек болса, ақша төлесін, мен бокстасуға дайынмын. Өйткені Дәке мені ұрмайынша тынышталмайтын сияқты. Өйткені ол — Олимпиада чемпионы», — деді Еркебұлан Тоқтар.
Ал Елеусінов Тоқтардың бұл жауабына реакция білдіріп, оны «лицемер», яғни екіжүзді деп атаған.