Ерке Есмахан Баян Алагөзоваға жүрекжарды жазба арнады

Ерке Есмахан Баян Алагөзоваға жүрекжарды жазба арнады
Коллаж Жи арқылы жасалған

Әнші Ерке Есмахан продюсер Баян Алагөзоваға арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желіде Баян Алагөзованы өзінің шығармашылық жолындағы ең алғашқы продюсері әрі жанашыры ретінде атап өтті.

«Мені үлкен сахнаға жетелеген, қолдау көрсеткен алғашқы продюсерім, жанашырым», - деп жазды Ерке Есмахан.

Сондай-ақ әнші соңғы жылдары екеуінің арасындағы ерекше сәйкестікке назар аударғанын айтты.

«Соңғы жылдары Баян ханым және менің ең көп айтқан әніміз бесік қасындағы “Әлди-әлди” болды. Өмірдің әдемі сәйкестігіне қараңызшы… Дәл қазір екеуіміз де тәтті ұлдар мен қыздардың анасымыз», - деді ол.

Жазбасының соңында Ерке Есмахан барша әйелге ана болу бақытын тілеп, жылы лебізін жеткізді.

Айта кетейік, Ерке Есмахан шығармашылық жолын Баян Алагөзованың продюсерлік орталығында бастаған. Кейін жеке шығармашылыққа бет бұрғанымен, әнші бұл жазбасында алғашқы продюсеріне деген алғысы мен құрметін білдірді.