Қырғызстанның Ош қаласында төрт баланың анасы Зарнигор Закированың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды ult.kz.
Әйелдің айтуынша, күйеуі оның бетіне қайнап тұрған шәрбат шашып, ауыр күйік жарақатын салған. Зардап шегуші оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болғанын айтып, күйеуінің екінші әйел алмақ болғанын мәлімдеді.
Оқиға 2026 жылғы 9 наурызда болған. Зарнигор Закирова сол күні қыздары попкорнға арналған шәрбат дайындап жатқанын айтқан. Оның сөзінше, күйеуі қайнап тұрған шәрбатты үлкен ожауға құйып, қайта қыздырғаннан кейін әйелінің бетіне екі рет шашқан.
Шабуыл салдарынан Зарнигор Закирова беті мен денесінің бірнеше жерінен ауыр күйік алып, 27 күн ауруханада емделген.
Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі оқиғадан кейін Өзбекстанға қашып кеткен. Ош қалалық милициясы күдіктінің 2 маусымда ұсталғанын хабарлады. Тергеу барысында оған Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Отбасылық зорлық-зомбылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін сот күдіктіні бір айға қамауға алу туралы шешім шығарған.
Зарнигор Закирова бастапқыда күйеуін кешіруге дайын болғанын айтқан. Алайда ол үшін бір шарт қойған: ортақ үйді өз атына немесе төрт баласының атына рәсімдеу. Әйел мұндай талап қоюдағы басты мақсаты – балаларын баспанасыз қалдырмау екенін түсіндірді.
Сонымен қатар жәбірленуші күйеуінің туыстары тарапынан қысым көрсетіліп, қорқыту болғанын да мәлімдеді.