Енді Қазақстанда Li Auto көліктері шығарылады

Енді Қазақстанда Li Auto көліктері шығарылады
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Соңғы алты айда елімізде 94 400 автокөлік өндіріліп, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 35%-ға артық көрсеткішке жетті. Үкіметтің жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін өндіріс көлемі 190 мың автокөлікке дейін ұлғайтылмақ, деп хабарлайды Ult.kz.

Нарық көшбасшылары және өндіріс қуатының артуы

Қазір Қазақстанда жеңіл автокөлік, автобус, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Отандық өндірістегі ең көп сұранысқа ие модельдер қатарында Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson және Kia Sportage бар.

Саланы дамытуға жаңадан іске қосылған жоғары технологиялық кәсіпорындар - Kia Qazaqstan мен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan айтарлықтай үлес қосып отыр. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асты. Жаңа зауыттар өндіріс үдерістерінің кеңінен автоматтандырылуымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда онда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді.

Терең өңдеуге басымдық

Автокөлік өндірісіндегі негізгі бағыттардың бірі - ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты құрастыруға (CKD)көшу және жергілікті өндіріс үлесін арттыру.

Қазақстандық кәсіпорындар қазірдің өзінде немесе алдағы уақытта мынадай өнімдерді шығаруды қолға алмақ:

  • қозғалтқыштар, аккумуляторлар және шиналар;
  • автобустарға арналған орындықтар, мультимедиялық жүйелер мен интерьер бөлшектері;
  • бамперлер, доңғалақ дискілері, электр сымдары және лак-бояу материалдары.

Қытайлық жаңа брендтер мен инновациялық жобалар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген келісімдер автокөлік саласының жаңа кезеңіне жол ашты. Алдағы уақытта Қазақстанда Li Auto (Lixiang), Omoda және Jaecoo брендтерінің өндірісі іске қосылады.

Соның ішінде Қазақстан Li Auto гибридті кроссоверлерін Қытайдан тыс жерде шығаратын алғашқы мемлекет болмақ.

Бұдан бөлек, 2028 жылға қарай Sitrak маркалы жүргізушісіз магистральдық тартқыштарды өндіру жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар елде электр көліктеріне арналған жоғары қуатты зарядтау станцияларының желісі кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

Экономика мен жұмыспен қамтуға серпін

Автокөлік өнеркәсібінің дамуы ел экономикасына және еңбек нарығына оң әсерін тигізіп келеді. Бүгінде бұл салада 10 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Үкіметтің негізгі мақсаты - өндіріс көлемін арттырумен қатар, Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.