Емхана ақшасы жеке сапар мен несиеге жұмсалған: Астанада басшылар сотталды

Емхана ақшасы жеке сапар мен несиеге жұмсалған: Астанада басшылар сотталды
24.kz

Астанада емхана қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырған төрт басшы мен лауазымды тұлға сотталды. Келтірілген шығын көлемі 672,7 млн теңге болған, деп хабарлайды ult.kz.

Сот мәліметінше, қылмыстық схема 2021-2025 жылдары жұмыс істеген. Схеманы ұйымдастырған әйел кәсіпорынның экономикалық жұмыс қызметінің басшысын, бас есепшісін және мемлекеттік сатып алу менеджерін іске тартқан. Олар жалған келісімшарттар арқылы кәсіпорын қаражатын өздеріне байланысты тұлғалардың шоттарына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырған.

Сонымен қатар кәсіпорын ақшасына 7 млн теңгеден астам тұрмыстық техника сатып алынған. 2023 жылы ұйымдастырушы мен тағы екі сотталушының Италияға жеті күндік сапарына 7,8 млн теңге жұмсалған. Ал 2023-2025 жылдары ұйымдастырушы жеке несиесін өтеуге кәсіпорын қаражатынан шамамен 2,2 млн теңге пайдаланған.

Сот төрт адамды да кінәлі деп таныды. Ұйымдастырушы 8 жылға, экономикалық жұмыс қызметінің басшысы 7 жыл 6 айға, бас есепші мен мемлекеттік сатып алу менеджері 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бас есепшіге қатысты жазаны орындау 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін кейінге қалдырылды.

Сотталғандардың барлығына белгілі бір лауазымдарды атқаруға және белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынды. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы толық қанағаттандырылды.