Экология министрлігі: Желіде тараған жолбарыстың суреті – фейк

Экология министрлігі: Желіде тараған жолбарыстың суреті – фейк
ЭТРМ

Экология және табиғи ресурстар министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында табиғатқа жіберілген жолбарыс түсірілді» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Министрліктің мәліметінше, жарияланған фотода жасанды интеллект (AI) көмегімен жасалған болуы мүмкін белгілер байқалады. Сондықтан аталған сурет шындыққа сәйкес келмейді.

Ведомство табиғатқа жіберілген жолбарыс аналығы спутниктік GPS-бақылау құрылғысымен жабдықталғанын атап өтті. Резерват мамандары оның орналасқан жері мен жағдайын тәулік бойы үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Осыған байланысты жануардың «кездейсоқ түсірілгені» туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтылды.

Экология министрлігі азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Сондай-ақ ведомство Қазақстан заңнамасына сәйкес көрінеу жалған ақпаратты, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін фото және бейнематериалдарды тарату жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды.

Айта кетейік, Қазақстанда 70 жылдан бері алғаш рет жолбарыс табиғи ортаға жіберілгенін жазған едік.