Қытай текстиль өндірісінің ауқымдылығы сондай, әлемнің қай түкпіріне барып киім-кешек сатып алсаң да «Made in China» деген жазуды көресің. Алайда дайын өнімнің ар жағында оны қамтамасыз ететін алып өндірістік тізбек бар. Ал сол тізбектің маңызды буындарының бірі – мақта шаруашылығы.
Қытайдың мақта өндірісінің негізгі бөлігі шоғырланған Шыңжаңда бүгінде дәстүрлі егіншілік тәсілдерімен қатар, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген жаңа әдістер де қарқынды енгізіліп жатыр. Соның бір мысалы – Чанцзи агротехнопаркінің «Жүз мың — он мың — мың» бағдарламасы аясындағы «Ақылды мақта алқабы» жобасы.
Ult.kz тілшісі қазақстандық журналистермен бірге осы демонстрациялық базаға барып, мақта өсіруде ақылды технологиялардың қалай қолданылатынын көріп қайтты.
Шыңжаң — Қытайдағы жоғары сапалы мақта өндіретін ең ірі өңір. Мұнда мақта егісінің көлемі мен жалпы өнімі ел бойынша жалпы көрсеткіштің 90 пайыздан астамын құрайды. Чанцзи-Хуэй автономиялық облысы Шыңжаңдағы жоғары сапалы мақта өндірісінің маңызды аймақтарының бірі ретінде елдің мақта саласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және мақта өсірушілердің табысын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Фото: ult.kz
Қытай Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Профессоры Сум ханымның сөзінше, Чанцзи агротехнопаркіндегі Лаолунхэ тәжірибелік базасы Қытай Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Батыс орталығының ақылды ауыл шаруашылығы мен жоғары өнімді мақта өсіру технологияларын ықпалдастыру жөніндегі негізгі демонстрациялық алаңы.
«Базаның жалпы аумағы 1100 му (шамамен 73,3 гектар) жерді құрайды. Оның ішінде 100 му (6,67 гектар) болатын 1-1 учаскесі негізгі технологиялық серпіліс аймағы ретінде белгіленіп, онда үш жыл бойы ақылды ауыл шаруашылығы мен мақта өндірісінің тиімді технологияларын ықпалдастыру бойынша зерттеулер жүргізілді. Ал жалпы аумағы 1000 му (66,7 гектар) болатын 2-3 және 2-4 учаскелері ақылды ауыл шаруашылығы технологияларын сынақтан өткізу және енгізу, сондай-ақ оларды ірі көлемде қолдану модельдерін зерттеу мақсатындағы ауқымды демонстрациялық аймақ ретінде пайдаланылады», — дейді Сум ханым өз сөзінде.
Мақта шаруашылығындағы дәстүрлі тәсілдерді заманауи ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және заттар интернетімен ұштастыру арқылы өнімділікті арттырып, ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған «ақылды мақта алқабы» жүйесі құрылуда.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
«Ақылды мақта алқабын» құру үш кезеңнен тұрған:
2024 жыл — негізгі назар көпарналы деректерді жинауға және жоғары өнімді мақта өсіру тәжірибелеріне аударылып, мақтаның бүкіл вегетациялық кезеңін қамтитын базалық деректер қоры қалыптастырылды.
2025 жыл — негізгі агротехникалық шаралар бойынша шешім қабылдау модельдерін зерттеу және өндірісті деректер негізінде басқаруды бастапқы кезеңде енгізу жұмыстары жүргізілді.
2026 жыл — ақылды ауыл шаруашылығы технологияларын стандартты түрде сынақтан өткізуге және оларды жоғары өнімділікті арттыру мақсатында кең көлемде енгізуге басымдық берілуде.
Үш жылдық жұмыстың нәтижесінде топырақ, ауа райы, дақылдар, зиянкестер мен аурулар және егістік жұмыстары туралы деректерді біріктіретін ақылды ауыл шаруашылығы жүйесі қалыптасқан екен.

Фото: ult.kz
Егістік деректерін жинау, ақылды суару мен тыңайтқыштарды дәл енгізу, жасанды интеллект технологияларын қолдану, сондай-ақ ұшқышсыз техника мен жабдықтарды пайдалану бағыттарында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда:
Егістік деректерін жинау бағытында — топырақ, ауа райы, өсімдіктердің жай-күйі, зиянкестер мен аурулар туралы деректер жерүсті құрылғылары, дрондар және далалық бақылау арқылы үздіксіз жиналып, цифрлық базаға біріктіріледі.
Ақылды суару және тыңайтқыштарды дәл енгізу бағытында — топырақ ылғалдылығын нақты уақыт режимінде бақылау арқылы суару мен тыңайтқыш беру автоматтандырылып, ресурстарды үнемді пайдалану қамтамасыз етіледі.
Жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытында — метеорологиялық, топырақ және егістік деректерін талдау негізінде тұқым себу, суару, өсімдікті күту, ыстықтан қорғау, зиянкестер мен аурулардың алдын алу бойынша шешім қабылдау модельдері әзірленуде.
Ұшқышсыз техника мен жабдықтарды қолдану бағытында — дрондар мен ұшқышсыз ауыл шаруашылығы техникасы егістікті бақылау, зиянкестер мен ауруларды анықтау, өсімдіктерді қорғау, топырақты өңдеу, тұқым себу және егістікке күтім жасау жұмыстарын орындауда.

Фото: ult.kz
Келесі кезеңде Қытай Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы негізгі 100 му аумақта маңызды технологиялар бойынша серпінді зерттеулер жүргізуді, 1000 му демонстрациялық аумақта технологияларды ауқымды түрде сынақтан өткізу мен енгізуді жалғастырады.
Сонымен бірге интеллектуалды шешім қабылдау модельдері кезең-кезеңімен жетілдіріліп, базаны құру және пайдалану шығындары төмендетіледі. Біртіндеп фермерлер үшін қолжетімді, кәсіпорындар енгізе алатын әрі сала көлемінде кеңінен қолдануға болатын «ақылды мақта алқабын» құру моделі қалыптастырылады.
Ақылды ауыл шаруашылығы технологияларын жоғары сапалы сорттармен, жоғары өнімді агротехнологиялармен, су мен тыңайтқышты кешенді басқару жүйесімен, экологиялық қауіпсіз өсімдіктерді қорғау әдістерімен және интеллектуалды ауыл шаруашылығы техникасымен терең ықпалдастыру арқылы Шыңжаңдағы мақта шаруашылығын цифрландыру және интеллектуалдандыру бағытында дамыту көзделеді.
Бұл өз кезегінде мақта саласын сапалы дамытуға және кең көлемдегі егістік алқаптарда өнімділікті арттыруға ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп, үлгі боларлық технологиялық база қалыптастырады.
Балжан Жеңісқызы