Оқу жылы соңы. Көп жастың алдында таңдау тұр. Соңғы жылдары кейбір жастар «университет керек емес, блогер боламын», «ақша табу үшін дипломның қажеті жоқ» деген ойға келді. Бұл пікірдің пайда болуына әлеуметтік желі тілін жетік меңгерген SMM, IT мамандары, табысты блогерлер мен кәсіпкерлер әсер етті.
Алайда бұл жерде бір маңызды нәрсе бар. Біздің көз алдымызда жетістікке жеткен халықтың аз бөлігі әлеуметтік желіде жарқ-жұрқ еткен сайын олар көп болып көрінеді. Бірақ әлемжеліге қолы тие бермейтін құнды, табысты маман иелері қаншама.
Қазіргі заманда университет бітірмей-ақ табысқа жетуге болатын салалар да бар. Мұны жоққа шығаруға болмас. Мәселен бағдарламалау, дизайн, контент жасау сияқты бағыттарда дипломға қарағанда адамның нақты дағдысы маңыздырақ.
Бірақ блогер болу әлде ЖОО-да оқу деген сұрақ арасында университетте оқудың маңызы тек дипломда емес екенін нақты түсінуіміз керек.
4-5 жыл оқу бұл тек құр теория емес. Мамандық игеру кезінде студент жүйелі ойлауды үйренеді, өз мамандығы бойынша академиялық терең білім алады, кәсіби орта қалыптастырады да, болашақ мамандығына нақты сеніммен аяқ басады.
Әрине көз алдымызда аз уақытта байып кеткен блогер, кәсіпкерлердің жолы жастарды қызықтырмай қоймайды. Дегенмен бұл нарық өте тұрақсыз, құбылмалы. Бір Тик-Ток, не Инстаграм, Тредске үміт артып отыру аңғалдық. Бір платформа құлап, жаңасы пайда болып, сұраныс, заңдылығы тез өзгеретін ең тұрақсыз айлақ.
Абзалында
Диплом үшін оқу деген түсініктен арылып, ұзақмерзімді болашағы бар мамандықты игеру үшін жасалған қадам деп білген абзал. Сол мамандықты игеріп, шыңдап, тәжірибелі маман болғаннан кейін ғана әлеуметтік желіні білім таратып, жеке бренд қалыптастыру мақсатында қолдансақ өте жақсы. Сонда ғана білім мен сапаны құндылық еткен маманға аудитория тарапынан толық сенім де бар болады.