Дауға қалған асаба тағы үн қатты (ВИДЕО)

Дауға қалған асаба тағы үн қатты (ВИДЕО)
Фото: әлеуметтік желі

Өзін «халал асаба» ретінде таныстыратын Сабыржанның тойдағы әзілдері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшіліктің сынына ұшыраған болатын, деп хабарлайды ult.kz.

Желіде тараған видеода асаба қонақтардың мамандықтарына қатысты қалжың айтқан. Атап айтқанда, өрт сөндірушіге «Өрттің көп болсын» десе, дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне «Оны да оқи ма? Дене шынықтыруды түрмеден келгендер де істеп жатыр ғой» деген. Сондай-ақ базарда қауын-қарбыз сататынын айтқан қонаққа «Үстіңізден сасық иіс шығып тұр екен» деп әзілдеген.

Бұл сөздер әлеуметтік желіде кең тарап, көпшілік тарапынан сынға ұшырады. Пікір білдірушілер адамның мамандығы мен еңбегін көпшілік алдында келемеждеуді әзіл деуге болмайтынын айтып, асабаның әрекетін орынсыз деп бағалады.

Өз кезегінде Сабыржан да жағдайға қатысты пікір білдіріп, әзілдері той қонақтарына емес, әлеуметтік желідегі кейбір қолданушыларға ұнамағанын айтты.

«Көре алмайтын адамдар ренжиді ғой. Ең бастысы – тойдағы адамдардың ешқайсысы ренжіген жоқ», – деді асаба.

Соған қарамастан, желідегі пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Бір тарап асабаның сөздерін әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі көпшілік алдында адамның кәсібін келемеждеу қандай жағдайда да дұрыс емес деген пікірде.