Қазақстандық жас футболшы Дастан Сатпаев Англияға аттанар алдында туған-туысы мен жақындарымен қоштасты. Әлеуметтік желіде тараған әсерлі видеода футболшының туған жерімен, отбасы мүшелерімен қоштасу сәті көрсетілген, деп хабарлайды ult.kz.
Кадрлардың бірінде Сатпаевтың көзіне жас алғанын байқауға болады.
Желі қолданушылары бұл сәтті ерекше ықыласпен қабылдап, жас спортшыға жылы лебіздері мен сәттілік тілектерін жаудырды. Көпшілік оның үлкен арман жолындағы маңызды қадамына қолдау білдіріп, Англияда табысқа жететініне сенім білдірді.
Еске салайық, Дастан Сатпаев Алматының «Қайрат» клубы сапындағы соңғы матчын өткізіп, жанкүйерлерімен қоштасқан болатын. Енді ол мансабын Лондонның «Челси» клубының жүйесінде жалғастырып, әлемдік футболдағы жаңа белеске қадам басты.