Алматылық «Қайрат» клубы шабуылшы Дастан Сатпаевтың команда сапындағы соңғы ойындарын өткізетінін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Клуб мәліметінше, Дастан осыдан он жыл бұрын «Қайрат» академиясына үлкен арманмен келіп, уақыт өте келе негізгі құрамның көшбасшыларының біріне айналды. Ол клуб тарихындағы рекорд иелерінің қатарынан орын алып, қазіргі құрамның ең нәтижелі ойыншысы атанды әрі жанкүйерлердің зор ықыласына бөленді.
Енді футболшы «Қайраттағы» жолын аяқтап, мансабын Еуропада жалғастыруға дайындалып жатыр. Клуб жанкүйерлерді оның соңғы матчтарына келіп, өз түлегін лайықты түрде шығарып салуға шақырды.
13 маусым күні «Қайрат» өз алаңында «Атырауды» қабылдайды, ал 17 маусымда «Қызылжармен» кездеседі. Бұл ойындар Дастан Сатпаев үшін лондондық «Челси» клубына ауысар алдындағы «Қайрат» жейдесіндегі соңғы матчтар болмақ.
Сондай-ақ «Қызылжарға» қарсы кездесуден кейін Орталық стадионда футболшыға арналған арнайы қоштасу рәсімі өтеді.