Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Астанада сот боксшы Данияр Елеусіновке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі («мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына себеп болу») бойынша істі қарады.
Сот мәліметінше, Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндеп, елорда көшелерінде үш бірдей жол-көлік оқиғасын жасаған.
Атап айтқанда, ол:
жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған;
бір автокөлікпен соқтығысып, инерциямен тағы бір көлікті қағып кеткен;
кейін Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының салдарынан ол Toyota Hilux көлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан көліктер механикалық зақымданып, материалдық шығын келтірілген.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша Данияр Елеусіновтің жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.