«Дайын чемпион бәріне керек»: Бублик Ресей мен Қазақстан арасындағы айырмашылықты айтты

«Дайын чемпион бәріне керек»: Бублик Ресей мен Қазақстан арасындағы айырмашылықты айтты
ашық дереккөз

Қазақстандық теннисші Александр Бублик ресейлік спортшылардың Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуінің себебін түсіндірді. Ол бұл туралы Витя Кравченкомен әңгімесінде айтып, өзінің және Елена Рыбакинаның мансабын мысалға келтірді, деп хабарлайды ult.kz.

Бубликтың айтуынша, теннистегі кәсіби мансапты бастау үшін спортшыға айтарлықтай қаржы қажет. Жаттықтырушы, халықаралық жарыстарға ұшу, оқу-жаттығу жиындары мен турнирлерге қатысу шығындарын талап етеді.

Теннисшінің сөзінше, Ресейде оның және басқа да жас спортшылардың әлеуетіне тиісті деңгейде мән берілмеген. Ал Қазақстан оларға қолдау көрсетіп, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік берген.

Әңгіме барысында Витя Кравченко Бублик пен Елена Рыбакинаны Ресей құрамасынан көргісі келетінін айтқан. Алайда Бублик мұндай қызығушылық спортшылар үлкен жетістікке жеткеннен кейін ғана пайда болғанын атап өтті.

«Лена осындай деңгейге Қазақстанның арқасында жетті», – деді Бублик.

Ол Рыбакинаның Ресейде қалған жағдайда дәл осындай нәтижеге жете алар-жетпесін ешкім нақты айта алмайтынын айтты.

Бублик өз мансабына қатысты ұстанымын да ашық білдірді.

«Мен – қазақстандық спортшымын», – деді теннисші.

Оның айтуынша, Қазақстанмен байланысы спорттық мансабы аяқталғаннан кейін де жалғасады. Бублик мұны қиын кезеңде өзіне қолдау көрсеткен адамдарға деген алғысы ретінде түсіндірді.

Айта кетейік, 2008 жылдан бері 14 ресейлік теннисші Қазақстанның спорттық азаматтығын қабылдап, ел намысын қорғаған.

Бубликтың пікірінше, спортшының жетістігін тек оның туған жерімен байланыстыру дұрыс емес. Оның кәсіби қалыптасуына сенім білдіріп, нақты қолдау көрсеткен елдің де үлесі бар.