Жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты оның ықтимал қауіптерін бақылау мәселесі халықаралық күн тәртібіне шықты. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мемлекеттерді ЖИ-ді дамытуға ортақ қауіпсіздік ережелерін енгізуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz «24KZ»-ке сілтеме жасап.
Гутерриштің айтуынша, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты дамыту үшін халықаралық ынтымақтастық қажет. Бұл мәселе Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналмақ.
«Бізге жасанды интеллектіні қауіпсіз, сенімді және жауапты дамыту жолдарын ортақ түсіну қажет. Бұл адал халықаралық ынтымақтастық пен үйлестірілген жаһандық күш-жігерді талап етеді», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
БҰҰ сарапшыларын алаңдатып отырған мәселелердің бірі – цифрлық технологиялар мен орасан зор деректердің аз ғана елдер мен ірі технологиялық компаниялардың қолында шоғырлануы. Ұйым мұндай жағдайда жасанды интеллектінің белгілі бір топтардың мүддесіне пайдаланылу қаупін атап өтті.
Бұл мәселеге технология саласының өкілдері де назар аударып отыр. Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амодеи қуатты нейрожүйелерді әзірлеу қарқынын бәсеңдетуге шақырды. Оның пікірінше, ЖИ-дің даму жылдамдығы қауіпсіздік шараларының енгізілуінен озып барады.
Амодеи автономды ЖИ-агенттері жақын арада ауқымды экономикалық зиян келтіруі мүмкін екенін айтқан. Оның ұсынысын OpenAI негізін қалаушы Сэм Альтман, Google DeepMind басшысы Демис Хассабис және Илон Маск та қолдаған.
Microsoft AI басшысы Мұстафа Сулейман да ЖИ-ге толық автономия берудің ықтимал салдарына назар аударды. Оның пікірінше, адамдар өздігінен мақсат қоя алатын, қаржы басқарып, активтерге иелік ететін жүйелерді жасаса, олар ресурстар үшін адамзатпен бәсекелесуі мүмкін.
Сонымен қатар АҚШ-та ЖИ саласындағы технологиялық бәсекелестік жалғасып жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллектінің дамуын шектейтін қатаң реттеуге қарсы екенін айтып, елде «Жасанды интеллект күштерін» құру жоспарын жариялаған.
Ал АҚШ пен Қытай ЖИ мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға келісті. Тараптар ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін оқиғалар туралы хабарлау тетігін құруды жоспарлап отыр. Алайда оның нақты жұмыс тәртібі әзірге белгіленбеген.