Жастар үйленер алдында тойдан бастап бал айына дейін жоспарлайды. Бірақ ең маңызды сұрақ көбіне тасада қалады: «Отау құрған соң кіммен тұрамыз?» Жастар бұл сұрақты ұмытып кеткен жоқ, тек ешкімнің оны қозғауға батылы бармай, үнсіз қалады, деп хабарлайды ult.kz.
Ал дәл осы үнсіздік кейін үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Оның зардабы кейде дүркіреп өткен тойдың шығынынан да қымбатқа түседі. TamgaMedia бұл мәселенің астарын психоаналитика бағыты бойынша отбасылық психолог Назигүл Темірғалиевамен бірге талқылап көрді.
– Қазақ отбасының көбінде үйленгенге дейін де, кейін де бұл тақырыпты қозғауға неліктен тыйым салынғандай көрінеді?
– Ел ішінде жазылмаған бір сценарий бар: келін жаңа шаңыраққа сіңіп кетуге тиіс. Әсіресе ата-анамен бірге қалатын балаға бұл міндет сияқты көрінеді. Ал жастар тойдың қамымен жүріп, ең басты мәселені – өз бетінше өмір сүру мен ішкі тәртіпті қалай орнататынын ақылдасуды назардан тыс қалдырады.

Психоанализ тұрғысынан алғанда, мұндай үнсіздік – қорғану реакциясы. Текетірестен қашқан адамдар ата-анаға құрмет пен жаңа шаңырақтың дербестігі арасындағы қайшылықты сыртқа шығарғысы келмейді. Одан да «бәрі уақытымен өздігінен реттеледі» деп көз жұма салғанды жөн көреді. Мұндай ортада талаптар сөзбен айтылмайды, қалыптасқан жолмен, ым-ишара арқылы жеткізіледі. Сондықтан бұл жайында ашық сөйлескен салтқа қарсы шыққан сияқты көрініп, ішкі үрейді тудырады.
– Неге кей отбасы бөлек тұруды «ұят» көреді? Әсіресе жалғыз ұл мен кенже балаға түсетін салмақ не үшін екі есе ауыр?
– Ұят – қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін өте күшті құрал. Бұл әулеттің бірлігін сақтауға, үлкенді сыйлауға, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінуге көмектеседі. Бірақ кейде ұят адамға қысым көрсетудің, еркінен тыс көндірудің амалына айналады. Себебі қазақ қоғамында адам тек өзі үшін емес, бүкіл әулет үшін жауапты деп қаралады. Әсіресе ұл баланы жеке тұлға ретінде емес, ата-ананың тірегі, әулетті жалғастыратын, қара шаңырақты ұстайтын адам деп көреді. Сондықтан оған түсетін жауапкершілік те ауырлау болады.
Жас отбасы бөлек кетсе, кей ата-ана бейсаналы түрде «бізді тастап кетті», «енді біздің қажетіміз болмай қалды» деп ойлайды. «Баласы шешесін тастап кетіпті, ұят қой», «келін артынан кетті» деген сөздердің артында жалғыз қалудан қорқу, перзентінен алыстап кету, елдің сөзіне қалу және ата-аналық беделдің әлсіреуі сияқты ішкі үрейлер жатыр.
Үйдің кенжесіне немесе жалғыз балаға көп үміт артылып, қысым жасалады. Ол тек жақсы отбасы құрып қоймай, «қара шаңырақты ұстап тұруц», ата-ананы бағуы, тіпті бөлек кетпеуі керек деп санайды. Психоаналитикада бұл – сепарацияның, яғни дербестіктің жоқтығы. Екі буын арасындағы шекара бұзылғанда есейген бала өз өмірін ғана емес, ата-анасының да өмірін қоса сүруге мәжбүр.
Сөйтіп еркек екіұдай күйде қалады: бір жағынан жақсы перзент болуы керек, екінші жағынан есті отағасына айналуға тиіс. Мұндай жағдайда ер адамға кемелдену қажет. Бұл жерде кемелдік ата-ананы тастап кету деген сөз емес.

Кемелдік – әке-шешенің ықпалынан шығып, оларға қамқор бола алатын, бірақ өз болмысын жоғалтпайтын ересек ер азамат деңгейіне көтерілу.
– Ата-ананың жас отбасыға жанашырлық танытқаннан бірге тұрғысы келе ме, әлде бұл көз үйренген ескі «дәстүр» ме?
– Кейде шынымен жанашырлықтан бірге тұруды жөн көреді: ата-ананың жасы келіп, көмекке мұқтаж болуы мүмкін немесе жастардың бөлек шығуға қаржылай әлі шамасы жетпейді. Кейбір отбасы өзара сыйластық пен жылуды орната білген. Бірақ кейде бұл қамқорлық емес, «Елдің бәрі солай тұрған», «Ата-бабамыз солай өмір сүрген», «Жұрт не айтады?» деген қорқыныштың жетегінде қабылдаған шешім.
Дәстүр өз мәнін тек өзара құрмет пен еркін таңдауға негізделгенде ғана сақтайды. Ал тек үрейге, кінәлау сезіміне немесе қысымға негізделсе, психологиялық тығырыққа тірейді. Тараптар «біз біреуге өмірімізді қарыз болған соң емес, қазір осылай тұру бәрімізге тиімді, қауіпсіз әрі ыңғайлы» деп саналы түрде түсінсе, бірге тұру да – ересектердің ортақ шешімі.
– Келін күйеуінің үйіне көшіп келгенде қандай психологиялық кезеңдерден өтеді?
– Әйел үшін бұл – үлкен ішкі өзгеріс. Ол тек үйін ауыстырмайды, бұрынғы өмір ырғағын, әдетін, жеке кеңістігін қалдырып, қалыптасқан тәртібі, өз жолы, асүйі, өмір ырғағы мен айтылмаған талаптары бар мүлдем бөтен ортаға тап болады. Сондықтан көкейінде: «Мен бұл шаңырақтың тең құқылы мүшесімін бе, әлде уақытша қонағымын ба?», «Менің пікірім ескеріле ме?», «Өз болмысымды сақтай аламын ба?» деген сұрақтар пайда болады.
Әсіресе әйелден бірден бәріне көне салуды, үндемей шыдауды, қарсы келмей тек қызмет көрсетуді талап еткенде жағдай қиындай түседі. Психоанализ бойынша, бұл – өз аумағыңды жоғалтумен бірдей. Ал аумақ деген тек бөлме емес. Бұл – өз ойыңды айту, демалу, өз әдеттеріңді сақтау және жұбайыңмен оңаша қалу құқығы.
Жеке шекара белгіленбесе, әйелдің бойында үрей, ашу-ыза, жалғыздық пен өкпе пайда болады. Ол өзін күйеуінің жары емес, сол үйдің көңілін табуға тиіс жаңа қызметшісі сияқты сезіне бастайды.
– Мұндай жағдайда күйеуі әдетте үнсіз қалып, бәрі өздігінен шешілгенін күтеді. Неге ол бұлай істейді және мұның соңы қалай аяқталуы мүмкін?
– Олар мұны немқұрайлықтан емес, екі оттың ортасында қалып, біреуінің мейірімінен айырылып қалудан қорыққаннан істейді. Жарын жақтаса, өзін анасының алдында кінәлі сезінеді. Анасын жақтаса, әйелінің сенімінен шығады. Ақыры, ешкімді ренжітпеудің амалы деп үнсіз қалады.
Бірақ үндемеудің өзі – үлкен таңдау және бұл әрекет екі әйелге де сатқындық болып көрінеді.

Психоаналитика бойынша қарасақ, еркек отағасы деңгейіне көтеріле алмай, әлі бала рөлінде қалып қояды. Ол анасы мен жары өздері өзара тіл табысып, өзі бәрінің алдында жақсы болып қалғысы келеді. Бірақ некеде тек бала болып қалу мүмкін емес. Сәті келгенде ересек адамның позициясын ұстануы керек: «Мен ата-анамды жақсы көремін, оларды сыйлаймын, бірақ енді менің өз отбасым бар. Сондықтан осы шаңырақтың ішкі тыныштығына мен жауаптымын» дей алуға тиіс.
Бұл қадам жасалмаса, ішке реніш жинала береді. Әйелі тек енесіне емес, күйеуіне де ашулана бастайды. Ал ата-ана баласы нақты шекара қоймаған соң, бақылауды күшейте түседі. Тәртіп орнату – ер азаматтың міндеті.
– Бірге тұрып-ақ, тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасылар бар. Олардың өзгелерден айырмашылығы неде?
– Мұндай отбасыларда ішкі мәдениет пен жеке шекара бар деген сөз. Ережелер ашық айтылады, әр адамның жеке кеңістігін құрметтейді, ал үлкендер әр шешімге араласып, бәрін бақылауға тырыспайды. Жастар да үлкендердің қадірін түсінеді. Мұнда негізгі түсінік бар: «бірге тұрса да, әркім – жеке отбасы». Бұл – ересектік пен кемелдіктің белгісі.
Дана ене: «Бұл – сендердің шаңырақтарың, өздерің шешіңдер. Қажет болса, қолдауға әрқашан дайынмын» деп айта алады. Саналы келін де: «Мен сіздерді сыйлаймын, бірақ өз кеңістігім де маңызды» деп жеткізеді. Ал ересек ұл:«Анашым, мен сізді жақсы көремін, бірақ өз отбасыма қатысты шешімді жұбайыммен бірге қабылдаймын» деп айта алады.
– Ата-ананың ұлын жанынан жібергісі келмеуінің шынайы себебі неде?
– Мұның астарында тек қимастық емес, кейде жалғыз қалудан қорқу және бақылауды жоғалтып алудан болатын ішкі уайым да жатады. Сол себепті ата-ана үшін бала бөлек кетсе, өмірдің мәні азайып қалғандай сезілуі мүмкін. Әсіресе бүкіл ғұмырын тек баланың бағып-қағуға арнаған жандар үшін бұл – үлкен соққы. Олар перзенттің есейіп, дербес болуын табиғи заңдылық деп білмейді, керісінше, өзін керексіз болып қалды деп ойлайды. Кейде ата-ана баласын бейсаналы түрде өзінің эмоциялық тірегі, жұбанышы етіп алады.
Шын мәнінде, перзентке деген махаббат: «Маған қиын болса да, баламның өз өмірін сүргенін қалаймын» деген ақ батамен өлшенеді. Ал өзімшіл махаббат: «Мені жақсы көрсең, менің көңілім тыныш болуы үшін жанымнан ұзамауың керек» деген шартқа саяды. Иә, балаңды бөлек шығару қиын шығар, бірақ бұл қадам жасалмай, жаңа шаңырақтың іргетасы мықтап қаланбайды.
– Үйде бала пайда болғанда жағдай қалай өзгереді?
– Сәби дүниеге келгенде отбасылық жүйе күрделене түседі. Бала – үйдегі бар шиеленісті сыртқа шығаратын айна іспетті. Ата-әже шын жүректен көмектескісі келеді, бірақ кейде бұл жанашырлық шектен шығып: «Дұрыс тамақтандырмайсың», «Дұрыс тәрбиелемейсің», «Біз көпті көрдік, жақсы білеміз» деген өктемдікке ұласады. Олар бейсаналы түрде жас ата-ананың рөлін иемденіп алады.
Жас ана үшін бұл – өз билігінен айырылуы, өз үйінде шеттетіліп қалуы, үрей мен шаршаудың еселенуі. Аналық болмысы енді ғана қалыптасып жатқанда, сырттан үнемі сын айтыла берсе, жігерін құм қылады. Әженің орны – әжеде, ананың орны – анада. Бала үшін жанында байсалды әрі өзіне сенімді анасының болғаны маңызды.
Ата- әженің тәжірибесі көп болса да, баланың жауапкершілігі тек ата-ананың мойнында.
Саналы отбасы жас ананың күш-қуатын сақтауға көмектеседі: балаға қарасып, демалуына мүмкіндік береді, иығынан жүгін жеңілдетеді.
– «Бөлек шығар едік, бірақ жағдайымыз келмейді» деген сылтау қаншалық шындыққа жанасады? Мұның артында мәселені қозғамаудың амалы жатқан жоқ па?
– Бұл жерде қос себеп қатар жүреді. Қаржы мәселесі – өте өзекті. Қазақстанда пәтер жалдау, ипотека, күнделікті шығын жас отбасы үшін қиын. Кейде бірге тұру шынымен де тиімді әрі қисынды. Бірақ ақша кейде күрделі мәселені талқыламаудың ыңғайлы қалқанына айналады.
Жастар «қаражатымыз жетпейді» деп айтқанымен, оның астарында «ата-анамды ренжітіп алудан қорқамын», «жауапкершілікті өз мойныма алуға дайын емеспін», «шиеленістен қашамын», «маған дайын асқа тік қасық болған ыңғайлы» деген ойлар жатуы мүмкін. Қаржылай уәж мәселені шешпейді, тек уақытша шегеріп қояды.
Ересек адамның позициясы – ақ пен қараны ажырата білу. «Қазір жағдайға байланысты бірге тұрамыз, бірақ бәрібір өз шаңырағымыздың ішкі шекарасын қалыптастыруымыз керек» деп ашық айту қажет. Бөлек пәтер алу дербестіктің жалғыз жолы емес. Ол ең әуелі ішкі сананың өзгеруінен басталады.
– Бұл әңгімені күйеуімен, ата-анасымен қалай бастаған жөн?
– Сөзді үлкендерден емес, әуелі жұбайлар өз арасында бастағаны жөн. Ерлі-зайыпты: «Біз не қалаймыз? Қазіргі тұрмысымыз көңілімізден шыға ма? Не нәрсе жанымызға батады? Мүмкіндіктеріміз қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеуі керек.
Әйел күйеуімен сөйлескенде оны кінәламай, өз сезімдерін жеткізу керек: «Мен бұл сөзді сенің ата-анаңа қарсы емес, біздің отбасымыздың болашағы үшін айтып отырмын. Бізге өз кеңістігіміз жетпейтінін сеземін. Шешімдер бізсіз қабылданғанда қиналамын. Ішкі шекарамызды қалай белгілей алатынымызды бірге ойластырсақ».
Үлкендермен де байсалды, талап қоймай сөйлескен абзал: «Біз сіздердің қолдауларыңызға ризамыз. Арамыздағы сыйластықты сақтағымыз келеді. Сонымен қатар өз бетімізше шешім қабылдап, жеке отбасы болып үйренгіміз келеді». Сөзді «анамыз араласа береді» деп итермей, «біз үшін өз тәртібімізді қалыптастыру маңызды» деп бастаған тиімді.
– Ата-ана «бұл – бізді сыйламау, өкпелету» деп қабылдаса, қарым-қатынасты бұзбай, бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
– Олардың ренішін түсіну, бірақ өз шекараңнан бас тартпау керек. «Сіздердің ренжіп жатқандарыңызды түсінемін. Біз сіздерден қол үзгіміз келмейді, алғысымыз шексіз. Бөлек шығу немесе ішкі тәртіп орнату – жас шаңырақтың өз аяғынан тұру, есею кезеңі» деп жеткізген жөн.
Олардың өкпесімен дауласудың қажеті жоқ. Өкпе – адамның ішкі сезімі. Оны жоққа шығармай, байсалды қабылдауға болады, бірақ оған бола өз еркіңнен бас тарту міндетті емессіз. Жанашырлықпен: «Сіздерге оңай емес екенін көріп тұрмын. Бірақ біз араны үзген жоқпыз, тек өз кеңістігімізді қалыптастырғымыз келеді» деп жылы сөйлесу керек. Дербес өмір сүру сатқындыққа жатпайды, бұл – балалық шақтан ересектікке өту кезеңі.

– Осындай мәселемен келетін жұптарға айтар кеңесіңіз қандай?
– Шаңырақ көтеріп, отау құрғанда басты мақсат – дербес отбасы болу. Бұл – ішкі толысудың, есеюдің белгісі. Жаңа отбасы бұрынғы үйдің жай ғана жалғасы емес. Бұл – екі түрлі адамның өз түсінігін, көрген тәрбиесін, ішкі жарақаттарын, үміті мен тұрмысқа деген көзқарасын біріктіретін мүлдем жаңа жүйе.
Жастар некеге «ақ парақтай» таза болып келмейді. Бірі бәрін ішіне сақтап үндемейтін ортадан шықса, екіншісі бәрі ашық араласатын отбасынан келуі мүмкін. Бірі бақылауды қамқорлық деп түсінсе, екіншісі еркіндікті қамқорлық деп біледі. Енді осы екі арнаны тоғыстырып, ортақ дүние қалыптастыру керек.
Ересектік – ата-ананың салған соқпағын соқыр сезіммен қайталамай, өз өміріңді саналы түрде таңдау.