Қазақстандағы мемлекеттік емханалардың бірінде дәрігер әлеуметтік желіге балағат сөздер қолданылған видеоларын жариялағаны үшін жұмыстан шығарылған. Алайда кассациялық сот жұмыс берушінің шешімін заңсыз деп танып, дәрігердің еңбек құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды ult.kz.
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот материалдарына сәйкес, әйел 2023 жылдың тамыз айынан бастап мемлекеттік емханада дәрігер болып жұмыс істеген. Алайда 2025 жылғы 8 тамызда жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзған.
Бұған дәрігердің әлеуметтік желіге жариялаған видеолары себеп болған. Жазбаларда әйелдің балағат сөздер қолданғаны көрсетілген.
Жұмыс беруші дәрігерді Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4-1-тармақшасына сәйкес, яғни кәсіби қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмейді деген негізбен жұмыстан босатқан.
Дәрігер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Ол бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған кезеңі үшін жалақы төлеуді талап етті.
Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар жұмыс берушінің уәжін қолдады.
Істі кассациялық тәртіпте қараған сот бұл шешімдердің күшін жойды. Судьялар жұмыс беруші дәрігердің әлеуметтік желідегі балағат сөздері оның кәсіби тұрғыдан талапқа сай еместігін дәлелдейтін нақты деректер ұсынбағанын атап өтті.
Сонымен қатар, сот жұмыс берушінің дәрігердің кәсіби қызметіне қатысты бұрын ешқандай шағымы болмағанын ескерді.
Осылайша, азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот дәрігердің талап-арызын қанағаттандырып, оның еңбек құқықтарын қалпына келтірді.