Мас мұғалім көлікпен үш адамды қақты: екеуі бала, сот 9 жыл жаза кесті

Мас мұғалім көлікпен үш адамды қақты: екеуі бала, сот 9 жыл жаза кесті
ашық дереккөз

Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйінде көлік жүргізіп, аулада отырған адамдарды қаққан әйелге сот үкімі шықты. Жол-көлік оқиғасынан үш адам, оның ішінде екі бала қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға биыл 6 маусымда сағат 20:30 шамасында Арыс қаласындағы А.Сейтбек көшесінде болған. Сот материалдарына сәйкес, сотталған әйел алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, үйдің сыртындағы орындықта отырған бір топ адамды қағып кеткен. Артынша ол жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған.

Әйелге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі және 347-бабы бойынша айып тағылған.

Түркістан облысының соты оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, әйел өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Алайда сотталған әйелдің асырауында кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, бас бостандығынан айыру жазасын орындау бір жылға кейінге қалдырылды.

Сотталған әйелдің мектепте мұғалім болып жұмыс істегені белгілі болды. 5 қыркүйекте өткен сот жарыссөзінде ол асырауында мүгедектігі бар баласы бар екенін айтып, соттан өзіне ауыр жаза тағайындамауды сұраған.

Сот үкімі заңды күшіне енген.