Мұғалімдерге кешкі 18:00-ден кейін ата-аналарға жауап бермеуге мүмкіндік берілмек

Мұғалімдерге кешкі 18:00-ден кейін ата-аналарға жауап бермеуге мүмкіндік берілмек
Фото: freepik

Қазақстандық мұғалімдер ата-аналардан келетін хабарламаларға кешкі сағат 18:00-ден кейін жауап бермеуге құқылы болуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, ата-аналар чаттарында сұрақтарды жұмыс уақытында, яғни сағат 18:00-ге дейін қойған жөн.

«Біздің ұстанымымыз нақты: ата-аналар чаттарында сағат 18:00-ге дейін сұрақтар қоюға болады деп есептейміз. Ал 18:00-ден кейін әр мұғалімнің жеке өмірі бар және оны құрметтеу қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның сөзінше, биыл «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мұғалімдердің сабақ кезіндегі және сабақтан тыс уақыттағы міндеттері, сондай-ақ мектеп пен оқу процесіне қатысты жауапкершілігі нақты айқындалмақ.

Министр бұл бастама педагогтердің жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жұлдыз Сүлейменова қазіргі таңда Қазақстанның Оқу-ағарту министрі қызметін атқарады.