Өткен ғасырдың ең жұмбақ апаты: Есіктегі селден 2000 адам көз жұмғаны рас па?

Өткен ғасырдың ең жұмбақ апаты: Есіктегі селден 2000 адам көз жұмғаны рас па?
Фото: әлеуметтік желі

63 жыл бұрын Алматы іргесіндегі Есік көлінде ресми 70-тен астам, ал бейресми деректерде шамамен 2000 адамның өмірін жалмаған қасіретті оқиға болды, деп хабарлайды ult.kz TamgaMedia сайтына сілтеме жасап. 

Тянь-Шанскийді таңғалдырған Жасыл көл
Есік көлі – теңіз деңгейінен 1756-1759 метр биіктікте орналасқан, бұдан 8-10 мың жыл бұрын пайда болған табиғи бөгет-көл. Мыңжылдық тарихы бар Есік қаласының маңында, әйгілі сақ тайпалары мекен еткен өлкеде орналасқан.

 1856 жылы саяхатшы П. П. Семенов-Тян-Шанский көлді алғаш көргенде таңданысын жасыра алмай, күнделігіне оны «Зеленое озеро» (Жасыл көл) деп жазған. Судың реңкі мен мөлдірлігін сипаттай келе, оны «бағалы, қанық жасыл түсті берилл тасына» теңеген. Бұл туралы ол өзінің «Путешествие в Тянь-Шань» еңбегінде жазып кеткен. Жергілікті тұрғындар мен зерттеушілердің айтуынша, көл суы құбылып, өңі ашық көгілдірден қорғасын түсіне өзгеріп тұратын.
Апатқа дейінгі және кейінгі көл:

Апатқа дейін: ұзындығы – 1850 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 80 метр. Су көлемі: 20 миллион м³.

Қазір: су көлемі шамамен 2 миллион м³ (бұрынғы көрсеткіштің оннан бір бөлігі ғана).

Кеңес өкіметі тұсында мұнда халыққа да, жоғары мәртебелі қонақтарға да (VIP) арналған санаторлы-курорттық инфрақұрылым салынды. Көл жағасында Вьетнам коммунистік партиясының көшбасшысы Хо Ши Мин, СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущев демалған деген дерек бар. 

1959 жылы көл жағасында заманауи автовокзал, мейрамханалар, демалыс базалары, катерлер тоқтайтын айлақтар, тіпті қонақүйлер бой көтерді.  Алматыдан Есікке дейін автобустар жиі қатынап, демалыс күндері мұнда мыңдаған турист ағылатын. Демалушылар саны жыл сайын артып жатты. Алайда арада 4 жыл өткенде Есік көлінің жағасындағы қайнаған тіршілік санаулы минут ішінде ғайып болды.

1963 жылғы 7 шілдедегі трагедия қалай болды?
«Қазселден қорғау» мекемесінің архивтік деректеріне сүйенсек, сол жылы жаз ерекше ыстық болып, Іле Алатауының солтүстік беткейінде, 4560-4600 метр биіктікте жатқан Жарсай мұздығы өте тез жылдамдықпен ери бастайды. Осылайша мұздық етегіне жиналған су массасы табиғи бөгетті жарып өтеді.
7 шілде жексенбі болғандықтан, көлде демалушылар өте көп еді. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Тауда жүрген жергілікті қойшылар жылы нөсер жауып, өзендер лайлана бастағанын көріп, апат төніп тұрғанын түсінген. Тіпті бір қойшы көл жағасындағы демалушыларға қарай асыға жүгіріп келіп: «Қашыңыздар, жан сақтаңыздар, таудан алапат лай тасып келеді!»,- деп айғайлап ескерткен екен. Алайда уайымсыз демалып жатқан бейқам жұрт қойшының сөзін елең қылмай, сенбеген.
Сел түс ауа басталып, сағат 13:15-те селдің алғашқы легі жүрген. Жарсай өзенінен көлемі 6 миллион текше метр көп, биіктігі үйдей тастар, ағаш діңдері мен лай араласқан сел массасы төмен құлдилаған. Осылайша алапат сел Есік көліне келіп құйылған. Осы сәтте көл бетінде биіктігі 5-6 метрлік алып толқындар пайда болыпты. 

«Есік» турбазасының бұрынғы директоры Иван Аушев жазған естеліктерден, осы сәтте көл бетінде серуендеп жүрген қайықтар саны көп болғанын жазған. И.Аушев жазбаларына көз жүгіртсек, мұздай сел судан тұрғандарды құтқарушылар жалғыз катердің көмегімен шығарып алған.
Араға 45 минут салып, көлге кеп құйылған мыңдаған тонна су мен лайдың салмағына шыдамай, мыңжылдық табиғи бөгет жарылады. Қуатты тасқын бөгетті талқандап өтеді. Қазіргі тереңдігі 50-70 метрлік алып шатқалдар – осы селдің ізі.
Сел мұнымен тоқтамады. Үйдей тастар мен лай араласқан жойқын масса зор жылдамдықпен төмендегі Есік қаласына дейін жетті. Жолындағы көпірлерді, демалыс базаларды, тұрғын үйлерді, тіпті Есік ГЭС-інің инфрақұрылымы мен атақты «Есік винзауытының» жертөлелерін жермен-жексен етті.


Құрбандадың нақты саны қанша: билік ақиқатты жасырды ма?
Есіктегі сел туралы толық ақпарат кеңестік басылымдар мен жаңалықтарда айтылмады, қаза тапқандардың нақты саны да халықтан жасырылды. Орталық басылымдарда («Труд», «Казахстанская правда») арада бірер апта өткен соң ғана қысқаша заметкалар жарық көрді. «Труд» газетінің 1963 жылғы тамыздағы санында ресми түрде тіркелген және мәйіті табылған қаза тапқандар саны 70-тен 150 адамға дейін деп көрсетілген.

Алайда куәгерлер мен зерттеушілер сол қайғылы күні шатқалда 3-тен 5 мыңға дейін адам демалғанын айтады. Мәйіттердің көбі Есік өзені арқылы Қапшағай ойпатына дейін ағып кеткендіктен, бейресми деректерде апат құрбандарының саны 1 000-нан 2 000 адамға дейін жетуі ықтимал. Бұл куәліктер кейіннен, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан соң ғана ашық жариялана бастады
Qalam Global бұл туралы: 

«Кеңес Одағында идеологиялық себептерге байланысты "социалистік елде мұндай ірі апаттар болмайды" деген ұстаным қалыптасқан. Сондықтан бұл трагедия туралы ақпарат қатаң цензураға ұшырады», - деп жазады.


Дінмұхамед Қонаев және Алексей Косыгин селден қалай аман қалды


Апат болардан бір күн бұрын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасарыАлексей Косыгинді Есік көлінің сұлулығын көрсету үшін арнайы алып барған деген дерек бар. Жоспар бойынша оларды арнайы өзен трамвайымен көлде серуендетпек болған. Косыгин көлге 6 шілде, сенбіде түс ауа келген. Дәл осы уақытта лай, тас пен ағаш араласқан селдің алғашқы легі жүрді. Шатқалдың жоғары жағында жүрген бір топ турист зардап шекті. 
Жергілікті жауапты азаматтар мен Қонаев Косыгинге жағдайды түсіндіріп, Қонаевтың шешімімен «қадірлі» қонақ тікұшақпен шұғыл түрде қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Ал санаулы минуттан соң Косыгин тоқтаған аймақты сел шайып кетеді. Бұл 7 шілдедегі ірі сел алдында болған болған жайт.