Қазақстан халықаралық статистикалық World Population Review ресурсы жариялаған Most Atheist Countries 2026 рейтингінде дінге қатысы жоқ адамдардың үлесі жоғары елдердің қатарынан көрінді, деп хабарлайды ult.kz.
Рейтинг дерегіне сәйкес, Қазақстандағы бұл көрсеткіш 49 пайызды құраған.
Қазақстаннан жоғары көрсеткіш Швецияда – 76%, Жапонияда – 72%, Қытайда – 71%, Испанияда – 61%, Германияда – 60%, Ұлыбританияда – 59% және Австрияда – 51% деңгейінде тіркелген.
Ал Қазақстаннан кейін Әзербайжан – 37%, Ресей – 36% көрсеткішімен орналасқан.

Алайда бұл көрсеткіштерді Қазақстан азаматтарының 49 пайызы өзін ресми түрде атеист деп санайды деп тікелей түсінуге болмайды. Халықаралық зерттеулерде «атеист», «дінге қатысы жоқ» және «өзін белгілі бір дінге жатқызбайтын» ұғымдарының мағынасы бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
Қазақстанның ресми статистикасы аталған рейтинг көрсеткішінен айтарлықтай өзгеше. 2021 жылғы халық санағының дерегіне сәйкес, ел тұрғындарының шамамен 69,3 пайызы ислам дінін, 17,2 пайызы христиан дінін ұстанатынын көрсеткен. Ал 2,3 пайызы өзін дінге сенбейтіндер қатарына жатқызған. Тағы шамамен 11 пайызы діни ұстанымы туралы ақпарат көрсетпеген.