Боксшы Данияр Елеусинов Астанада ұсталды: полиция ресми мәлімдеме жасады

Боксшы Данияр Елеусинов Астанада ұсталды: полиция ресми мәлімдеме жасады
Сурет ашық дереккөзден алынған

Әлеуметтік желіде Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусиновнің ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ult.kz, tengrinews-ке сілтеме қалдыра отырып.

Астана қаласының Полиция департаменті елордада екі жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған.я

 

Сурет: tengrinews.kz

Полицейлер жедел іздестіру шаралары барысында көлікті Достық көшесінен анықтап, тоқтатқан. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған. Жол апаттарынан зардап шеккендер жоқ, тек көліктерге материалдық залал келген.  

Полиция жүргізушінің жеке басын алғашында жарияламағанымен, кейін оның Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов екенін растады. Қазіргі таңда оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.  

Сондай-ақ Полиция департаменті:

«Жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзған әрбір азамат белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады», - деп мәлімдеді.  

Айта кетейік, Данияр Елеусинов  2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына алтын медаль сыйлаған болатын. Биыл 13 наурызда ол 35 жасқа толды.