Белгілі қазақстандық кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша кино сүйер қауымға көңіл айтады.
Бар ғұмырын ұлттық кино өнерін дамытуға арнаған Ардақ Жамансарыұлы Қазақстан кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол талантты режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын кино мамандарының қалыптасуына ықпал етті.
Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және басқа да фильмдері ұлттық киноның алтын қорына енді. Оның туындыларында ел тарихы, халықтың рухани құндылықтары мен адам тағдыры терең бейнеленіп, көрермендер мен кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы және қазақ мәдениеті мен кино өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі халық жадында мәңгі сақталады.