Бас прокуратура сайлауға қатысты ескерту жасады

Бас прокуратура сайлауға қатысты ескерту жасады
Фото: freepik

Бас прокуратура қазақстандықтарға фейк ақпарат, жала жабу және сайлау кезіндегі сауалнамаларға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және саяси партияларға сайлау кезеңінде заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын адал жүргізуге міндетті. Сондай-ақ сайлаушыларды сатып алу сияқты заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғаны еске салынды.

Бас прокуратура БАҚ пен азаматтарға жала жабуға және адамның ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін үгіт материалдарын таратуға жол берілмейтінін атап өтті.

«Қоғамдық тәртіптің бұзылуына қауіп төндіретін немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін екені алдын ала белгілі жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Сонымен қатар ведомство сайлауға қатысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге және оның нәтижелері бойынша болжам жариялауға қойылатын талаптарды да еске салды. Мұндай сауалнамаларды тек Орталық сайлау комиссиясында тіркелген заңды тұлғалар ғана өткізе алады.