Bank of America вице-президенті Таймс-сквердегі пышақ шабуылынан қаза тапты

Bank of America вице-президенті Таймс-сквердегі пышақ шабуылынан қаза тапты
ашық дереккөз

Нью-Йорктегі Таймс-скверде болған пышақ шабуылы салдарынан 32 жастағы Эрин Пьяченти қаза тапты. Ол Bank of America компаниясының вице-президенті болған, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 31 тамызда болған. Полицияның мәліметінше, 49 жастағы Памела Сиснерос сөмкесінен екі пышақ алып шығып, алдымен 68 жастағы өтіп бара жатқан адамды ішінен жаралаған. Кейін жақын маңдағы көшеде Эрин Пьячентиге шабуыл жасап, оған өлімге әкелген жарақат салған.

Құқық қорғау органдары күдікті әйелді қаруын тастауға төрт минут бойы көндіруге тырысқан. Алайда ол полиция қызметкерлеріне қоқан-лоқы жасаған.

Әйел офицерлерге қарай қозғалған кезде полицейлер оны электрошокермен тоқтатуға әрекеттенген. Алайда құрылғылар іске қосылмаған. Осыдан кейін полиция қызметкерлері қару қолданып, Сиснеросты жаралаған. Әйел алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды.

Полицияның мәліметінше, Сиснерос психикалық бұзылыстан зардап шеккен.

Bank of America өкілдері Эрин Пьячентидің қазасына байланысты «қатты күйзеліп, қайғырып отырғандарын» мәлімдеді. Компания марқұмды ұжымның құнды мүшесі ретінде атап, оның жақындарына көңіл айтты.

Эрин Пьяченти Фордхэм университетінде білім алған. Ол болашақ күйеуімен де осы оқу орнында танысқан. Университет өкілдері оның отбасына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.