Индонезияның Бали аралында жезөкшелікке қатысы бар деген күдікпен 13 шетелдік ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар, деп хабарлайды ult.kz.
Antara сайтының мәліметінше, көші-қон қызметі рейдті 17 қыркүйек кешке Чангу, Семиньяк және Умалас аудандарында жүргізген. Қазақстан азаматы Умаластағы вилладан Ресейдің үш азаматымен бірге ұсталған.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, күдікті мекенжай туралы ақпарат Telegram-дағы хабарламалардан алынған. Кейін қызметкерлер онлайн-платформалардағы мәліметтерді тексеріп, нысанды бақылауға алған.
Рейд барысында барлығы 12 әйел мен бір ер адам ұсталды. Олар Қазақстан, Ресей, Нигерия және Украина азаматтары.
Көші-қон қызметі операция жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін жүргізілгенін хабарлады. Ұсталған шетелдіктер Индонезияның көші-қон заңнамасын бұзды деген күдікке ілінген.
Оларға депортация жасалып, Индонезияға бес жылға кіруге тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар кейбір ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалуы ықтимал.