Қазақстанда мектеп оқушыларының тегін тамақтануын бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Енді ата-аналар баласының мектеп асханасында тамақтанған-танбағанын eGov арқылы тексере алады. Ал мемлекет мектептегі тамақтандыру қызметіне төлемді тек оқушының тамақтанғаны расталған жағдайда жүргізеді, деп хабарлайды ult.kz.
Қазір аз қамтылған отбасылардан шыққан балалармен қатар, 1-4 сынып оқушыларының барлығы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді.
Жаңа жүйе бойынша бала мектепке келмесе немесе асханада тамақтанбаса, сол күнгі тамақтану ақысы төленбейді. Яғни мектеп асханаларына қаражат оқушының нақты тамақтанғанын растайтын деректер негізінде аударылады.
«Биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметіне ақы төлеу тек расталған деректер негізінде жүргізіледі. 1 қыркүйекке дейін тиісті тізімдерді қалыптастырып, дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету қажет», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Ата-аналар баласының мектепте тамақтанғанын eGov Mobile қосымшасындағы «Қызметтер» → «Әлеуметтік әмиян» → «Ыстық тамақ» бөлімі арқылы көре алады.
Ал оқушының тамақтанғанын тіркеу үшін мектеп асханаларында QR-код, карта, Face ID немесе өзге де сәйкестендіру тәсілдері қолданылмақ. Жүйе осы деректер негізінде баланың тамақтанғанын растап, ақпаратты ата-анаға жеткізеді.
Бұл жаңашылдық тегін тамақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Яғни бұған дейін сыныптағы оқушылардың санына қарай есептелетін қаражат енді нақты тамақтану фактісімен байланыстырылмақ.
Министрлік мәліметінше, өткен оқу жылында «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы оқушыларға 149 млн теңгеге ыстық тамақ берілген. Ал цифрлық ваучер қызметін 1,5 млн-нан астам ата-ана іске қосқан.
Жаңа бақылау тетігі қыркүйек айынан бастап барлық мектепте қолданылуы тиіс. Енді ата-ана баласының мектепте тегін тамақтанғанын үйден шықпай-ақ бақылай алады.