Қазақстандық продюсер Баян Алагөзованың діни тақырыптағы әлеуметтік желідегі жазбаларына қатысты полицияға арыз берілді. Бұл туралы Threads желісіндегі жазбада айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Арызданушы Алагөзованың жарияланымдарында діни алауыздықты қоздыру белгілері бар-жоғын тексеруді сұраған.
Өтініште продюсердің дін мен діндарларға қатысты кемсітетін және қорлайтын сипаттағы сөздер қолданғаны айтылған. Сондай-ақ оның тозақ пен жұмақтың бар екеніне сенбейтіні туралы пікіріне назар аударылған.
Бұдан бөлек, арызда шейіт болғандарға қатысты қоғамда кең тараған «72 пәк қыз» туралы түсінікке байланысты ирониялық сөзі де аталған.

Арызға Баян Алагөзованың Threads желісіндегі жазбасы себеп болған. Онда продюсер дін мен оның насихатынан шаршағанын жазған. Сонымен қатар тозақ пен жұмақтың бар екеніне сенбейтінін айтып, шейіт болғандарға о дүниеде берілетін сый туралы түсінікке күмән келтірген.
Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Арыздың eOtinish жүйесіндегі скриншотында өтініштің мәртебесі «Тіркеуде» деп көрсетілген.
Әзірге Баян Алагөзоваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны немесе тексеру нәтижесі туралы ресми ақпарат жоқ.
Арыздың берілуі Алагөзованың заң бұзғанын білдірмейді. Оның сөздеріне құқықтық бағаны тиісті уәкілетті органдар беруі тиіс.
Айта кетейік, Баян Алагөзованы діни алауыздық үшін жауапқа тартуды бұған дейін де ұсынылған. Мәселеге Мөлдір Әуелбекова араласты.