Бүгін — Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты аза тұту күні. Қайғылы хабарды сарбаздардың отбасыларына қалай жеткізілгені қоғамда түрлі наразы пікір туғызды, деп хабарлайды ult.kz.
Осыдан «Біз қаралы хабарды жеткізудің өз мәдениеті болған халық екенімізді ұмытып кеткен жоқпыз ба?» деген сұрақ еріксіз көкейге оралады.
Қазақ қазаны ет жақын адамына бірден: «Пәленше қайтыс болды» деп айта салмаған. Қаралы хабарды жеткізетін адам алдын ала барып, жағдайды аңдап, адамның психологиялық тұрғыдан қабылдауына мүмкіндік берген. Тіпті естірту қара сөзбен ғана емес, өлеңмен, күймен де айтылған. «Ақсақ құлан» күйі осы дәстүрдің әйгілі үлгісі ретінде көрсетіледі.
Қазақтың естіртуінде қаралы хабардың өзі ғана емес, сол хабарды естіген адамның ар жағында қалай қалатыны маңызды.
Естірту дәстүрі Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілген дәстүрлердің біріне жатқызылған.
Біз технология дамыған сайын ақпаратты тез жеткізуді үйрендік. Бірақ адамның жүрегін жараламай, дұрыс жеткізуді ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Қайғыны ешбір дәстүр жеңілдете алмайды. Баласынан, бауырынан, ағасынан айырылған адамның жүрегіндегі ауыртпалықты ешқандай сөз алып тастамайды. Бірақ қазақ сол сөздің де өз жауапкершілігі бар екенін білген.
Сондықтан естірту — өткеннің сарқыншағы емес. Ол — адамның жанын жараламай, ең ауыр шындықты жеткізудің мәдениеті.
Бәлкім, бүгін бізге осы дәстүрді дәл сол қалпында қайтару емес, оның ең басты қағидасын — қаралы хабарды адамның жүрегін ескере отырып жеткізуді қайта үйрену керек шығар.
17 әскердің 14-і қаза тапты
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізіне батып кетті.
Ресми ақпаратта 17 әскери қызметші суға кеткені, оның үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапқаны хабарланды.
Әлеуметтік желілерде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қаралы хабардың жеткізілу сәті түсірілген видео тарады. Кадрларда марқұмдардың жақындары темір қақпаның ар жағында тұрғаны көрінеді. Ал қаза тапқан сарбаздардың тізімін жас әскери қызметші оқып тұрған. Қаралы хабарды естіген туыстары жылап, дауыстап, қақпаны ұрып жатыр. Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, қаралы хабарды жеткізудің әдебі мен тәртібіне қатысты пікірталасқа себеп болды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар қаза тапқан сарбаздарды қағаздан оқып естірткенге шағымданды
Айта кетейік, 25 қыркүйек Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстанда Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.