Freedom Inside '26

Автотұрақтағы жалғызбасты ана өлімі: Көкшетау соты жүргізушіге үкім шығарды

Автотұрақтағы жалғызбасты ана өлімі: Көкшетау соты жүргізушіге үкім шығарды
скриншот

Көкшетауда автотұрақтағы болған жалғызбасты ана өліміне қатысты сот отырысы өтіп, көлік жүргізушісіне қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Көкшетау қалалық сотында жол жүрісі қағидаларын бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан іс қаралды. Қылмыстық іс сотталушы С.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалған.

Сот деректеріне сәйкес, 2026 жылы мамырда Көкшетау қаласында С. көлікті басқару құқығы болмаса да тізгінге отырып, үйдің ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен. Салдарынан әйелдің денсаулығына ауыр зиян келіп, алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болған.

Айыпталушы сотта жұбайының денсаулығы нашарлағандықтан, оның рұқсатымен жүргізуші куәлігі болмаса да көлік тізгініне отырғанын түсіндірді. Ал көлік иесінің автокөлікті жүргізуші куәлігі жоқ адамға беруі дерегі бойынша қылмыстық іс жеке іс ретінде қаралмақ.

Сотта С.-ның кінәсі бірнеше дәлелмен расталды. Атап айтқанда, сотталушы өз кінәсін толық мойындаған, сондай-ақ куәгерлердің жауаптары, оқиға орнын қарап-тексеру хаттамасы, жол-көлік оқиғасының сызбасы, сараптама қорытындылары мен бейнежазба іс материалдарына тіркелген. Жаза тағайындау кезінде сот бірқатар жеңілдететін мән-жайды ескерді. Сотталушының жасаған ісіне өкінуі, асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы, жәбірленуші тарапқа моральдық өтемдерді өз еркімен өтеуі және бұрын қылмыстық-әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны назарға алынды.

Сот отырысында жәбірленуші тарап сотталушы С.-ға материалдық немесе моральдық талап қоймайтынын мәлімдеді. Олардың айтуынша, келтірілген шығын толық өтеліп, кешірім сұралған.

"Сот үкімімен С.-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде (заң бойынша жас баласы бар әйелдердің жазасын өтеуін кейінге қалдыру міндеттеледі), сотталушының тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды", - делінген сот қаулысында.